Ақтөбеде ірі қарадан вирусты диарея анықталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ірі қарадан вирусты диарея анықталып, қазір ауылға шектеу шарасы енгізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Сүгәлі ауылдық округіне қарасты Көпүй ауылында малдан ауру шықты. Мәселемен ветеринар дәрігерлер айналысып жатыр.

«Бір мал өлді. Сынамасы облыстық ветеринария зертханасына тапсырылып, вирусты диарея деген диагноз қойылды. Инфекциялық ауру. Қызуы көтеріледі, асқазаны ауырып, іші өтеді. Кейін өледі. Бүгінгі күні ветеринар дәрігердің бастамасымен шектеу қойылды. Мал қозғалысы тоқтайды. Әкім шешімі күшіне енгеннен кейін республикалық жұмыс тобы қызмет етеді. Залалсыздандыру, вакцина салдыру жұмысы жүреді. Инфекциялық ауру болған соң таралу қаупі бар. Шектеу енгізілген соң тоқтайды деп ойлаймыз», - деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базаров.

Бұл ауылда 1 400 ірі қара бар. Облыстық ветеринария басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, вирусты диарея өңірде алғаш рет тіркеліп тұр.

Еске салсақ, былтыр Бестамақ ауылдық округінің Бесқоспа ауылында 6 ірі қара малдан белгісіз ауру анықталды. Арыз-шағымға байланысты аудандық ветеринария мамандары сынама алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберді. Ренотрахеит ауруы нақтыланды. Республикалық эпизотия жасағының мамандары шектеу қойылған аймақта екпе және дезинфекция шарасын жүргізді.


Соңғы жаңалықтар