Ақтөбеде инфекциялық стационар саны азайды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі азайды. Қазір инфекциялық аурухананың өзі резервке қойылып, науқастар фтизиопульмонологиялық орталықта ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір тәулікте тағы 12 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның тең жартысы дерттің симптомды түріне шалдыққан.

Ақтөбе қаласында бес, Мәртөк ауданында бір адам ауру белгілерімен дәрігер көмегіне жүгінген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде барлығы 11 522 жағдай тіркеліп, оның 96 пайызға жуығы жазылды.

Әлі де 2 мыңнан астам адам үй карантинінде. Ал инфекциялық стационарларда 188 адам ем алып жатыр.

«Аурушаңдықтың төмендеуіне байланысты инфекциялық стационар саны азайды. Соның ішінде аудандарда кереует саны қысқарды. Ал Ақтөбе қаласы бойынша облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы ғана коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды қабылдайды. Ал инфекциялық аурухананың өзі резервте болады»,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Сонымен бірге COVID-19-ден айыққан науқастар амбулаторлық және стационарлық түрде сауықтырудан өтті. Бүгінге дейін 1500 адам денсаулығын нығайтты.

«Егер науқас дертті ауыр және орташа ауырлықта өткерсе, шағымы болса, учаскелік дәрігерге баруы тиіс. Содан кейін сауықтыру курсынан өтуге болады», - деді Бекболат Ізбасаров.

Ақтөбе облысы бойынша қазір 17 бала бақылауда. Олардың бәрі амбулаторлық ем алып жатыр.

«Ақтөбе облысы бойынша 202 450 доза жеткізілді. 97 284 адам біріншісін, 49738 адам екі компонентін де қабылдады. Қазіргі кезде вакцина бар. Тұрғындар дәрігер тексеруінен өтіп, қабылдауына болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар