Ақтөбеде иісшіл иттерге арналған оқу-жаттығу басталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде кинологтар мен иісшіл иттерге арналған оқу-жаттығу басталды. Оған 49 кинолог пен 46 құтқарушы ит қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының өңірлік оқу орталығы базасында оқу-жаттығу жиынының ашылуы өтті.

Шараның мақсаты – ТЖМ құтқару бөлімшелерінің кинологиялық есептоптарының дайындық деңгейін анықтау, сондай-ақ кәсіби дағдыларды жетілдіру, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізудің қазіргі заманғы әдістерімен тәжірибе алмасу.

Оқу-жаттығуға еліміздің аймақтарынан 49 кинолог пен 46 құтқарушы ит қатысып жатыр. Төрт аяқты құтқарушылардың көбі – лабрадорлар, неміс және бельгиялық овчаркалар.

Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, осы тұқымдас иттер төтенше жағдайларда жұмыс істеу үшін қолайлы.

«Өскеменнен 4 ит әкелдік. Барлығы 2,5 мың шақырымды артқа тастап, осы өңірге жеттік. Үш тәулік бойы жүрдік. Иттер бәріне үйренген, көлік арнайы осы жануар үшін жабдықталған. Мұнда тәжірибе жинаймыз. Жоғалған, үйінді астында қалған адамды іздеуге машықтанған әрі қарай да шыңдала түсеміз», - деді ШҚО ТЖД Кинология бөлімінің бастығы Наталья Дрожжина.

Құтқару жасақтары кинологтарының республикалық оқу-жаттығу жиыны төрт күнге созылады.


Соңғы жаңалықтар