Ақтөбеде «Хан моласы» қоршалып, Жаманшың кратеріне экспедиция жіберіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы қоршалады. Ал әлемге әйгілі Жаманшың кратерінде зерттеу жұмысы жалғасып, халықаралық экспедиция жолға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері анықталып, арнайы тізім де жасалды. 100 киелі жердің қатарына Ақтөбеден 10 нысан кіргізілді. Тарихи орындардың құндылығын сақтау, жаңғырту жұмыстары Ақтөбеде де жүргізіледі.

«Биыл облыстық планетарий «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жаманшың метеориттік кратеріне еліміздің және шетелдік ғалымдардың, туристік агенттік өкілдерінің қатысуымен халықаралық экспедиция ұйымдастыру жоспарлап отыр. Кратердің алғашқы зерттеушілерінің бірі Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі П.В. Флоренский, Алматы қаласындағы В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты, Мәскеудегі Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлері мен Астана қаласындағы Қазақ географиялық қоғамының өкілдері қатысады деген жоспар бар. Ғылыми-зерттеу экпедициясының қорытындысы бойынша халықаралық деңгейде конференция ұйымдастырылып, онда кратерді қорғау, оған туристерді тарту мәселелері қаралып, материалдар жинақ болып шығарылады», - дейді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.null

Биыл Ойыл ауданындағы Керуен сарай кешені, Алға ауданындағы Шәкен ишан мешіті мен Ырғыз ауданындағы Алмат тамына реставрация жасалады. Қобда ауданындағы Қыз әулие кесенесіне консервация жасалып, Әйтеке би, Алға, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Темір, Шалқар аудандарындағы 14, Ақтөбе қаласындағы 22 ескерткішке QR- код орнату және оларға 3 тілде веб-сайт жасау жоспарға енгізілді.

Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы 2017 жылы «Қазреставрация» ғылыми-зерттеу жобалық филиалымен бірлесіп Абат-Байтақ қорымында орналасқан Қыз әулие кесенесіне және Керуен сарай тарихи-архитектуралық кешеніне жобалық-сметалық құжаттамалар дайындады. Сонымен қатар Алға ауданындағы Шәкен ишан мешітіне реставрация жасау үшін «Шәкен ишан» қоры арқылы 100,9 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сондай-ақ «Қазреставрация» ғылыми-зерттеу жобалық филиалының мамандары биыл Шалқар ауданындағы республикалық маңызы бар Тоқпан мавзолейінде болып, фотофиксация мен өлшеу жұмыстарын жүргізді. Енді жобалық сметалық құжаттамасы дайындалады. Байғанин ауданындағы Қарасақал қорымында орналасқан 1 кесене мен 2 сағанатамды реставрациялау басталады. Оған республикалық бюджеттен 17 млн теңге бөлінді.
null null

Биыл Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымын қоршау жұмыстарына қажетті жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Әрі қарай жол салу, инфрақұрылым тарту жұмысы жүргізіледі.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында киелі жерлер туралы деректі фильмдер, кітап және картасы әзірленіп, Досжан Ишан, Сәңкібай батыр, Нұрлепес ата, Жиеналы Хазірет, Нұрпейіс Байғанин есімдерін ұлықтау, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру бағытындағы шаралар тұрақты жүргізілетін болады. Сонымен қатар Қалмаққырған елді мекенінде қазақ батырларына арналған ескерткіш қоюды «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қолға алып отырмыз», - деп мәлім етті Темір ауданының әкімдігі.

null

Соңғы жаңалықтар