Ақтөбеде халық театрлар фестивалі өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде халық театрлар фестивалі өтті. Өнер бәйгесіне аудандардағы 9 халықтық атағы бар, екі әуесқой театр қатысты. 

Ақтөбеде «Театр - өнердің ұлы көші» атты фестиваль болды. Аудан, ауылдағы 9 халықтық атағы бар, екі әуесқой театрдың әртістері мен режиссеріне алдымен Ақтөбенің құрметті азаматтары мен белгілі тұлғаларын дәріптеп, олардың шығармашылығы мен өміріне баса назар аудару тапсырылды. Себебі, биылғы фестиваль облыстың 85 жылдығы мен Есет Көкіұлының туғанына 350 жыл толуына, мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналды.

«Халық театрларының жұмысы өлшеусіз. Біріншіден, әртістердің бәрі ауылдағы өнерге жақын адамдар. Екіншіден, халықтың атағы бар театрда тек екі қызметкер жұмыс істейді. Әуесқой театрлар тек жанашырлардың күшімен тірлік етеді. Бұл фестиваль өнер адамдарын қолдауға, олардың еңбегін бағалауға арналды»,- деді облыстық халық шығармашылығы үйінің баспасөз хатшысы Гүлнар Сейталина.

1

Фестиваль кезінде «Шәмшінің әні» қойылымы бас жүлдені жеңіп алды. Қойылым режиссері Айнагүл Мусина 2001 жылы Мұғалжар аудандық халықтық театрдың негізін қалаған. Қазір репертуарларында 15 қойылым мен спектакль бар.

«Қойылым таңдалған соң кейіпкерлерімнің мінезіне сай келетін адамдарды іздеймін. Көбіне аудандық мәдениет үйінің әншісі мен бишісін, басқа да халықтың топтың мүшесін шақырамын. Өзге салада жұмыс істейтін адамдардың бос уақыты аз болады. Кейде тәжірибе жинауға келіп жатқан балалар сахнаға шығарылады»,- дейді Айнагүл Мусина.

2

Оның айтуынша, аудандық мәдениет үйіндегі сахна театрға лайықты жасалмаған. Жарық қойылмайды, дыбыс ұлғайтқыш құралдары талапқа сай келмейді. Сондықтан көрермен қойылымдардан мол әсер ала алмайды. Театр фестиваліне бір ай бойы дайындалған ұжым бұл еңбектің, ізденудің жемісі екенін жеткізді.

«Қазақтың біртуар композиторының мінезі мен болмысын мейлінше дәл жеткізіп, образды ашу үшін ол Шәмшінің әндерін тыңдап, фильмдер қарадым. Өзім колледждің үшінші курс студентімін. Қазір Мұғалжар ауданында тәжірибе жинап жүрмін. Алдағы уақытта бар өмірімді театрды дамытуға арнамақпын»,- деді Ерболат Амангелдиев.

Театр фестивалі екі күнге созылды. Театрлар Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» пьесасын, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» қойылымын сахналады. Күйші Қамбарға, батыр Байқазаққа арналған қойылымдарды Ырғыз бен Мәртөк әртістері көрерменге ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Мұғалжар аудандық мәдениет үйінің халықтық театрына берілді.

«Ең үздік режиссерлық жұмыс» номинациясын Ойыл аудандық мәдениет үйінің режиссері Ерболат Есенбеков, «Ең үздік әйел адам бейнесі» атағын Алға ауданы «Заманай» халықтық театрының әртісі Данагүл Жанәділова, «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын Ырғыз аудандық «Арай» мәдениет үйі халықтық театрының әртісі Даулен Болат, «Ең үздік екінші пландағы бейне» марапатын Шалқар аудандық халықтық театрының әртісі Жанұлан Сағынтаев алды.

3 

Соңғы жаңалықтар