Ақтөбеде халық қаржысына салынған «Аналарға тағзым» тәрбие беру орталығы ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында халық қаржысына «Аналарға тағзым» орталығы салынды. Орталықты салуға 10 мыңнан астам адам 350 миллион теңге жинап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында жаңа орталық ашылды. Мұнда еліміздің атақты тұлғаларының аналарына қатысты барлық ақпараттар жазылып, портреттері ілінді. Орталықта 3 зал бар. Алғашқысына «Ана даңқы» атауы беріліп, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Әбілхан Қастеевтің аналарының портреттері ілінді. Сонымен қатар, Геннадий Головкин, Дмитрий Баландиннің аналары туралы ақпарат бар. Бұл залдағы мәліметтер толықтырылады.


«Барлығымыз анамыздың алдынба бас иеміз, өмір бойы анамызды құрметтеп өтеміз. Жаңа ғимарат ақтөбеліктердің аналар алдындағы борышын өтеудің бір үлгісі деп деп есептейміз. Мақсатымыз - Қазақстандағы аналарға бас иіп, өскелең ұрпақ үшін үлгілі болар орталық жасау. Мұнда қазақтың, Қазақстанның атын шығарған аналарды насихаттап, қыз-келіншектерге ұлттық тәрбие беру жұмысы атқарылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұлттық құндылықтарды насихаттағымыз келеді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.



Айта кетейік, орталық ішінде қолөнер, би үйірмесі мен аспаздық шеберлікті үйрететін бөлме жұмыс істейді. Қонақ күту, ұлттық салт-дәстүрдің ерекшелігі кең таныстырылады.

Айта кетейік, орталықта мультимедиялық экспозиция залы бар. Онда Бопай ханым, Әлия Молдағұлова, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова секілді біртуар қазақ қыздарының өмірбаяны мен ерліктері LED экран арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар, орталықта Нұрсұлу Тапалова атындағы арнайы хореография залы қарастырылған. Мұнда балет класы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар