Ақтөбеде ғұндар жерленген қорым табылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік археологтар ғұн дәуіріндегі қорымды тауып, қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік археологтар 15 шілдеден бері Ойыл ауданының Шиқұдық ауылы маңындағы Сорлақмолада қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар ғұн дәуірінде жерленгендерді анықтады.

«Сорлақмола қорымының жүйесін түсіну үшін әр жерде қазба жұмысы жүргізілді. Оны космотүсірілім арқылы анықтап, картасын жасап, белгілеп қойдық. Тек ғұн дәуіріне жататын ескерткіштер іріктеліп, 100-ден астамын анықтадық. Қорған секілді үйінді, гантель кейіптісі, төртбұрыштысы сақталған», - деді Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының басшысы Аслан Мамедов.

Қазба жұмыстарын жүргізушілер Қазақстанның батысы, соның ішінде Ақтөбе облысында ғұн дәуірі туралы мағлұмат аз деп отыр. Негізі ғұн дәуірі ұлы қоныс аудару кезеңімен тарихта айталады. Моңғолия, Солтүстік Қытайдан басталған ғұн тайпаларының қоныс аударуы бүкіл Қазақстанды қамтып өтіп, Рим империясына дейін жеткен.


«Біздің заманымыздың І ғасырында бұл тайпалар Қытай мемлекеті мен сол кездегі сәнбилерден жеңіліп, қоныс аударуға мәжбүр болады. Қоныс аударып, Батыс Еуропаға күшейіп жетуінің себебі осы жерде. Екі ғасырда, яғни, біздің заманымыздың ІІ ғасырынан IV ғасырдың 70 жылдарына дейін аймақта болған. Біз үшін анықтау, ізін табу қиынға түсті. Сыры – олар сарматтар, сақтар секілді өз ескерткіштерін биік етіп салмаған, қарағанда байқалмайған. 1986 жылы Саралжын маңында орыс ғалымдары В.Кригер мен В. Иванов бастауымен қазба жұмыстары жүрді. 1991 жылы Әйтеке би ауданында Атпа1, 2, 3 қорымдары болды. Сол жерлерде ғұн дәуірінің ескерткіштері зерттелді. 2001 жылы Мұғалжар ауданында халықаралық экспедиция болып, 2007 жылы Хромтау ауданында Сарытау қорымы қазылды. 2017 жылы ғұн дәуірінің ескерткіштерін анықтау үшін кешенді жұмыс басталды. Космостан түсірілген фотоның көмегі мол. 1950-1960 жылдары аэрофото түсірілім болып, соны қолданып жүрміз», - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Мейрам Дүйсенғали.

Археологтар Қобда-Ойыл жерінен ғұн дәуірінің 100-ден аса қорымын тапты. Бір ғана Сорлақмола қорымында 100-ге жуық нысан бар.

«Ақтөбе облысында 1 мыңға жуық қорым болуы мүмкін. Болжам осы. Ғұн тайпаларының Моңғолиядан келіп, Қазақстанның батысына, Ақтөбеге келіп күшейгенін нық айтуға болады. Қазір барлау-қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қорғанды ашқанда ғұн дәуірі екеніне күмән келтірмедік. Мұны жерлеу ерекшелігі мен табылған бұйымдарынан анықтадық. Сол кезеңде шалқасынан жерленген, қабір шұңқыры солтүстікке қараған», - деді Мейрам Дүйсенғали.

Археологтар әр жерде барлау-қазба жұмысын жүргізіп жатыр. Олар үшін геофизикалық әдісті қолдану тиімді болғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау. Егер жаңа әдіс қолданылса жер қыртысының қай жері қозғалғанын, қазылғанын тез білуге болады. Алматы мен Қарағандыда бар қызмет түрін Украина тиімді бағамен ұсынып отыр.


«Бір қабірді қазған кезде сол дәуірде тоналып кеткені анықталды. Зерттеп жатқан нысанның тағы бірі қорымның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Тізбектің шетінде қазу жұмысы жүріп, ғұн дәуірінің әйелі табылды. Қабірі жіңішке, адам солтүстікке бағытталып, шалқасын жатқызылған. Моншақ, қапсырма, айна мен пышақ, ұршық табылды. Қорымда жерлеу рәсімі де өткен. Ор табылып, сынған құмыра анықталды», - деді Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының басшысы Аслан Мамедов.

Айта кетейік, жазғы экспедицияға өңірде жыл сайын 8 миллион теңге бөлінеді. Ал Ойылдағы ғұн тайпаларының жерін анықтау жұмысына 2 миллион теңге жұмсалмақ.


Соңғы жаңалықтар