Ақтөбеде ғұн дәуірін зерттеуге 200-ге жуық адам қатысады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл ғұн дәуіріндегі ескерткіштерді ​ зерттеу жұмысына басымдық беріледі. Шамамен 200-ге жуық адам жұмылдырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Соған сәйкес 14 жоба іске асырылады. Жоспар бойынша 12-і археологиялық зерттеу жұмысы. Этнограциялық зерттеу де жүргізіледі. Шетелтік архивтерде ғұн тайпаларына қатысты мәлімет іздейтін топ та құрылды.

«Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет пен музей күш жұмылдырады. Өңірде маусым айының 1-нен бастап қазба жұмыстары басталады. Барлығы бес экспедиция жүргізіледі. Соңғы уақытқа дейін біздің өңірде ғұн дәуіріне қатысты дерек аз болды. Бірақ зерттеу жүргізілген жерде олжа мол. Сондықтан кешенді зерттеу мәселесі қозғалды. Күшті осы бағытқа саламыз. Барлығы алты аудан территориясы қаралады. Олар: Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз және Хромтау аудандары. Нәтижесін 28-29 қыркүйекте болатын халықаралық ғылыми конференцияда айтамыз», -деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысының аумағында ғұн дәуіріне жататын 400-ге жуық ескерткіш белгіленді. Бұл тек үш ауданда анықталған дерек.

«Қобда ауданындағы Дәрбісәлі қорымы, Ойыл ауданындағы Ақбұлақ қорымы, Әйтеке би ауданында Аққисық қорымы ғұн дәуіріне жатады. Бұдан бөлек Мұғалжар ауданында Төлеубұлақ кешенінде сармат дәуірінің ескерткіштері зерттеледі. Осы жұмыстарға академиялық институттардың қызметкерлері жұмылдырылады. Жобамен 200-ге жуық адам үш ай жұмыс істеп, қорытындылаймыз. Деректі фильм түсіріліп, монографиялар жазылады. Ғылыми мақалалар да болады. Шетелдік зертханаларға шығып, талдамалар жүргіземіз», - деді Мейрам Дүйсенғали.

Айта кетейік, 2017 жылы Ақтөбеде ғұн дәуіріне жататын бай жерлеу кездейсоқ табылды. Биыл сол кезде табылған ат әбзелдері мен әшекейлер толық қалпына келтіріледі. ​


Соңғы жаңалықтар