Ақтөбеде футбол ойынын тамашалауға келген жанкүйерлер күй де тыңдап қайтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұлттық домбыра күніне орай «Ақтөбе» - «Шахтер» командаларының кездесуі алдында 500 ақтөбелік күй тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында Ұлттық домбыра күніне орай 300-ге жуық мерекелік шара өтті. Базарлар мен ойын-сауық кешендерінде, қоғамдық көліктерде жастар күй тартып, кітапхана қызметкерлері арнайы көрме ұйымдастырды.

«Кітапхана қорындағы домбыра тарихы, жасалу жолдары туралы танымдық кітаптар көрмеге қойылды. Сонымен қатар, күй жазылған дисктер мен атақты күйшілердің өмір жолы жазылған кітаптар шығарылды. Ноталар да бар. Ақтөбеліктер кітаптарды сатып алуға асықты. Кейбірі кітапханадағы кітап қорымен танысып, арнайы келіп оқитынын жеткізді. Біздегі ең құнды кітап қазақтың мың күйі жазылған диск жинағы болып тұр. Музыка мектебі, колледжінен, филармониядан келіп, тыңдап, танысады»,- деді С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхана қызметкері Ақбаян Қойшығалиева.

Бүгін Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Ақтөбе» - «Шахтер» командалары кездесті. Ойын басталмас бұрын өнер мектептерінің, қалалық орта мектептің оқушылары, музыкалық колледждің студенттері қолына домыра алып, Ахмет Жұбановтың «Би» күйін, Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын» күйлерін орындады.

Айта кетейік, «Ақтөбе» - «Шахтер» ойыны 2:0 есебімен аяқталып, «Ақтөбе» өз алаңында жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар