Ақтөбеде этномәдени бірлестік өкілдері бас қосты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Ұлттық бірлік - тәуелсіз Қазақстанның іргетасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға этномәдени бірлестік өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері бас қосты. Жиында қазақстандық патротизм мен біртектілікті берік орнату және этносаралық келісімді қамтамасыз ету жайы айтылды. Шараға 17 этномәдени бірлестік өкілі мен «Жаңғыру жолы» қозғалысының мүшелері, ҚХА жанындағы кеңестердің мүшелері, «Қоғамдық келісім» қызметкерлері қатысты.

«Этносаралық келісімнің қазақстандық моделінде мемлекеттік тіл көпұлтты қоғам бірлігінің көрсеткішінде рухани әрі психологиялық тұрғыда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қазақ жерінде өмір сүретін барлық этнос өзін тұтас Қазақстан қоғамының құрамдас бір бөлігі болуға рухани тұрғыда дайын екендіктерін, болашағы Қазақстан халқымен етене байланысты екенін көрсетеді. Сол себепті де болашағын Қазақстан халқымен тығыз байланыстыруға деген ұмтылыстың шынайы рухани дайындығын анықтайтын басқадай нақты әрі айқын көрсеткіштің болуы мүмкін емес. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның іргетасы еліміздің аумағында өмір сүретін барлық этностарға ортақ мәдени және рухани құндылықтармен негізделген», - деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жаңғабыл Қабақбаев.
null

Ақтөбе облысындағы этномәдени бірлестіктердің бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өз ұлттық өнері мен мәдениетін дамытып отыр. Қажет кезде жексенбілік мектептер де жұмыс істейді. Олар ұлттық салт-дәстүрді сақтауға, тілін дамытуға мүмкіндік алғанына қуанышты.

«Қазір Ассамблея 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Осылай жылдар өткен сайын ҚХА-ның қоғамдық-саяси маңызы арта берді, ол туралы көптеген зерттеулер жазылды, жүздеген мақалалар мен толымды еңбектер жарық көрді. Біздің елімізде 100-ден аса этнос өкілі тұрып жатыр. Ассамблея осы этностардың этномəдени бірлестіктерін құрып, олардың қызметі мен мақсаттарын Қазақстан халқы бірлігінің сақталуына жұмылдырып отыр. Қазір осындай этномəдени бірлестіктердің саны 820-ға жетті. Ассамблея мүшелерінің саны 400 адам болғанымен, оның белсенді жақтаушылары 70 мың адамға жуық. Олар ұйымдастырған түрлі шараларға, мерекелік қойылымдарға жыл сайын 3 миллионнан астам адам қатысады», - дейді «Қоғамдық келісім» КММ қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің сарапшысы Түлкібай Сапаров.

Соңғы жаңалықтар