Ақтөбеде этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде этно-мәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Этносаралық татулықтан – жалпыұлттық бірлікке» атты ХХІІI сессиясы өтті. Татулық пен ынтымақтың, бірлік пен келісімнің киелі бесігіне айналған басқосуға облыстағы аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық, аудандық мәслихат хатшылары, Аналар кеңестерінің төрағалары, Қоғамдық кеңестердің мүшелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен дін өкілдері және жастар қатысты. Жиында Елбасының және Президенттің тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстар, облыстық ҚХА-ның 2019 жылғы қызметі талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жаңа леп, жаңа серпін беруде. Жолдау жағымды жаңалықтармен толысты: бұған дейін «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұранмен келген болсақ, енді қоғамдық-саяси жаңғырудың, саяси реформалардың да маңыздылығы атап өтілді. Яғни, ендігі бағыт – әрі экономика, әрі саясат болмақ», - деді облыс әкімі.

Ол сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-ның ХХVІI сессиясында біршама міндеттер жүктегенін атап өтті.

Ал облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қорғанбаева биыл атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Поляктардың «Святло» этно-мәдени бірлестігінің өкілі Надежда Степаненко, Еуропалық медиаторлар Ассоциациясының құрметті мүшесі, «Ақтөбе облысы медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Балпейісова, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штаб төрағасының орынбасары Алданазар Жаханов және мәдени орталықтардың өкілдері қоғамдық келісім, ұлттық бірлік туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

«Қоғамдық келісім және ұлттық бірлік – Қазақстанның әлеуметтік игілігі мен өркендеуінің негізі. Ақтөбе облысында 90-нан астам түрлі ұлт өкілдері тату- тәтті өмір сүруде. Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден-бір мақтанар айнасы – этносаралық татулық. Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай – кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілі бірлікте өмір сүріп келеді. «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» деген сөз өте орынды айталған», - деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы облыстағы ҚХА Алға, Темір, Әйтеке би аудандарының ардагерлер, аналар , қоғамдық кеңестерінің, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелерін алғыс хаттармен марапаттап, 4 азаматқа ҚХА ресми куәлігін табыстады.

Шара Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының ашылуына арналған «Елбасы – Ассамблея тарихы: бейбітшілік пен келісімнің шежіресі!» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар