Ақтөбеде ерекше күтім қажеттілігі бар балаларды ұрып-соққан санитар сотталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленетін ерекше күтім қажеттіліктері бар балаларды ұрып-соққан санитарға сот үкімі шықты. Оған 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 Ақтөбе қалалық соты «Үміт» балалар үйіндегі оқиғаға қатысты үкім шығарды. Айыпталушы К. 2022 жылдың сәуір айында санитар болып жұмыс істей жүріп, сонда тәрбиеленетін ерекше күтім қажеттілігі бар балаларды ұрып-соққан. Сот отырысы кезінде әлеуметтік орталық қызметкері кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін білдірді. Жәбірленушілер сотталушыға кешірім берді.

«Сотталушы өз кінәсін мойындады. Жәбірленушілердің айғақтары және басқа да дәлелдемелері расталады. Жалпы, Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы бойынша 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының шын жүректен өкінетінін, асырауында жас балаларының бар екенін ескерді. Қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот санитарды кінәлі деп танып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Ақтөбеде арнайы мектеп-интернат балаларын ұрып-соққан мейірбике төрт жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын.


Соңғы жаңалықтар