Ақтөбеде Елек және Сазды өзендері тасып жатыр
2017 жылғы 15 сәуір 15:29

Ақтөбеде Елек және Сазды өзендері тасып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Сазды және Ақтөбе су қоймасы қар суына толды. Қазір су Елек және Сазды өзендеріне жіберіліп, өзен маңындағы саяжайларды су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланып, арнайы қызмет тұрғындарға хабарландыру берді. Себебі, Елек және Сазды өзенінің арнасы толып, су жағаға шықты. Қазіргі уақытта өзен маңындағы бау-бақша ұжымдарына қоныстанған адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

«Қаладағы тұрғын үйлерді су баспайды деген болжам бар. Бірақ саяжайға қоныстанған адамдардың қауіпсіз жерге көшуіне тура келеді. Себебі, Ақтөбе және Сазды су қоймасы толып, су Елек, Сазды өзендеріне жіберіліп жатыр. Ал Қарғалы су қоймасы 66 пайызға толы. Сонымен қатар, Жіңішке, Тамды, Жаман Қарғалы, Бұлақ өзендері арнасынан асты»,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.

Құтқарушылар 45 бау-бақша ұжымындағы мыңдаған үйді су басқанын анықтады. Қазір тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Ал көшуден бас тартқан адамдар арнайы қолхат жазып, баспаналарында қалуды жөн көрген.

«Елек өзені маңындағы бау-бақшадан су сорылмайды. Себебі, өзен жағасындағы суды сору еш нәтиже бермейді. Инертті материалдар да тасылмайды. Бұл да нәтиже бермейді.

Кеше 600 үйге хабарландыру беріп, өзен тасуы мүмкін деп айттық. Құтқарушылар қауіп бар екенін ескертті. Бірақ 522 адам қауіпсіз жерге көшуден бас тартып отыр. Барлығы 227 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 6 адам уақытша орналастыру бекеттерінде, олардың ішінде екі бала бар. 129 адам туыстарының үйлеріне орналасты», - деді Б. Сыздықов.

Төтенше жағдайлар қызметі кеше еріктілердің көмегімен квадрокоптер арқылы қала маңын шолып шықты. Ал бүгін Ақтөбе қаласында жаңбыр жауып тұр. Төтенше жағдайлар қызметі өзен суының арнасы әлі де көтерілуі мүмкін деп болжап отыр.

Jańalyqtar

MURAǴAT