Ақтөбеде ЭКСПО көрмесінің билеттерін ардагерлерге демеушілер сатып алып береді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билеттер сатылып жатыр. Бірақ өтімі төмен. Қазіргі күні 30 мыңнан астам халқы бар Мәртөк ауданы бар болғаны 12 билет сатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «ЭКСПО-2017» көрмесіне билет сату басталды. «Қазпошта» АҚ-ның аудандық бөлімшелерінде билеттер сатылып жатыр. Бірақ сатып алушылардың қарасы аз.

«ЭКСПО көрмесіне билет сатылып жатыр. Жоспар бойынша Мәртөк ауданында 1500 билет сатылады. Әзірге тек 12 билет өтті. Біз үздік оқушылардың тізімін жасадық. Сонымен қатар, 13 ауылдағы ардагерлердің де қатары белгілі болды. Алдағы уақытта демеушілердің көмегімен оларға билет сатып алу жоспарда бар. Астана қаласында оқып жатқан Мәртөк ауданының жастары да біздің қатарға қосылып, көрме кезінде еріктілер қатарын толықтыруы мүмкін»,- деді Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы ЭКСПО көрмесіне жан-жақты дайындалып жатыр. Мәселен, маусым айында Астанада Ақтөбе облысының мәдени күндері өтеді. Оған қолөнер шеберлері де қатысатын болады.

Көрме кезінде авто, теміржол және әуе қатынастарының рейстері көбейіп, қосымша вагондар қолданысқа берілуі мүмкін. Теміржолмен бұған дейін 35 мың жолаушы тасымалданса, көрме кезінде олардың саны 57 мыңға жетеді. Сондықтан «Астана-Орал» бағытындағы пойызға қосышма 20 вагон жалғанады деген жоспар бар. Ал әуе кемесі арқылы Астанаға тасымалданатындар саны 17 мыңға жетеді.

Соңғы жаңалықтар