Ақтөбеде экологтер қаланы көк түтінге көмген қоқыс полигонын тексереді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қоқыс полигоны әлі бықсып жатыр. Дәл осылай тұрғанына 3 тәуліктен асты. Қазіргі кезде экологтер тексеру бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигоны орталықтан 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Жел күшейген кезде орталықты көк түтін басып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Мұндай жағдай 2 маусым күні басталды. Экологтер ауаға тараған зиянды қалдықтардың мөлшері шамадан тыс айтқанын айтып, тексеруді бастамақ.

«Зертханалық талдау бөлімінің мамандары талдау жүргізді. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, көміртегі оксиді 4,44 есе, азот диоксиді 16,3 есе, күкірт диоксиді 13,9 есе асып тұр. Экология департаменті қоқыс полигонына жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындады. Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес алдағы уақытта тексеру жүргізіліп, кінәлі анықталса, заң аясында жауапқа тартылады», - деді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов.

Айтып өтейік, қоқыс полигоны 2007 жылы пайдалануға берілді. 2015 жылы бірінші рет өртеніп, кейін мұндай дерек жыл сайын тіркелген.

«Былтыр қоқыс полигоны 17 рет өртенді. 2021 жылы 30 рет от тұтанған. Биыл 7 рет өрт тіркелді. Қазіргі өрт 2 маусым күні тұтанып, әлі бықсып жатыр. Сөндіру жұмыстарына төтенше жағдайлар мен жергілікті атқарушы органның күші жұмылдырылды. Түтінді басудың жалғыз жолы – құм төсеу. Себебі, мұндағы қоқыстың тереңдігі 15-20 метрге жеткен. Өрттің аумағы – 1 га», - деді қала әкімінің орынбасары Айдос Хамиев.

Оның айтуынша, ескі полигонның бетіне қалыңдығы 60 см болатын топырақ төсеу жоспарланып отыр. Оған 219 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Сонымен бірге, 12 га аумақты құрайтын жаңа қоқыс полигоны салынады.

«Былтыр 22 айыппұл салынды. Ол 680 мың теңге. Биыл 7 хаттама толтырылды. Осы жылы 400 мың теңге айыппұл төленді», - деді «Табыс Ақтөбе» ЖШС-нің директоры Асанәлі Қайдаров.

Еске салсақ, Ақтөбеде қоқыс полигоны өртеніп, қаланы көк түтін басты.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар