Ақтөбеде екінші қабаттан секірген келіншек екі баласымен далада қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында тұратын Ирида Шмидт екі баласымен далада қалды. Қазір ол бейтаныс адамдардың үйін паналауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұрған Ирина Шмидт шілде айынан бері аурухана жағалап жүр. Өзін-өзі қорғау үшін екінші қабаттан секіріп кеткен келіншек отадан соң емделіп, бір ай ауруханада жатты. Қазір балдақпен жүреді. Екі баласының бірі құрбысының үйінде, екіншісі жанында. Балабақша ақысы төленбеген соң баласы ешқайда бармайды.
null 

«Маған уақытша тұратын баспана қажет. Бұрын Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұрған едім. Екінші қабаттан секіріп, омыртқама зақым келген соң пәтерақыны төлей алмай, шығарып жіберді. Екі балам бар. Тіркеуде жоқ болған соң балаларыма әлеуметтік көмек ала алмай отырмын.  Қазір қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмей жүрмін. Далада қалдым, көмек көрсетер ешкімім жоқ. Әзірге қайырымды адамдар қамқорлығына алып, қарт әжей мен шалдың қасында жүрмін. Олар қартайған, маған көмек беруге келісті»,- деді Ирина Шмидт.

Ауруханадан шыққан соң барар жер таппаған ақтөбелік келіншек, бірге емделген қарияға телефон шалып, көмек сұраған. Содан бері соның үйінде тұрып жатыр.

«Осы жылдың 21 шілдесі күні құрбымның үйіне барып, таңға жақын үйіме қайта оралғым келді. Таң атып келе жатты. Алдымда екі ер адам көрінді. Алғашында қорықтым, кейін тиісе қоймас деп ойладым. Алдымен айқайлап, жанынан өтіп бара жатқан мені шашымнан тартып қалды. Екі рет басымнан ұрып, аузымды жапты. Сөйтіп мені пәтерге әкеліп, есікті жауып алды. Бірі қолына пышақ ұстады. Қорыққаннан сақтанудың жолын іздей бастадым. Сол кезде терезенің, балконның ашық тұрғанын көріп, ойланбастан секіріп кеттім. Сол жерден мені ауруханаға алып кетті. Күдіктілердің бірі ұсталды, бірі қашып жүр. Қылмыстық іс тергеліп жатыр»,- деді Ирина Шмидт.

Өзін қорғаймын деп секіріп кеткен келіншек үй жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі баласын баққан. Баласының үлкені 15 жаста, кішкентайы 5-те. Күйеуі қайтыс болған. Қазір табысы жоқ, жұмысқа жарамсыз. Күзде оны тағы бір ем күтіп тұр.   

Айта кетейік, Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон дағдарыс орталығына барып, уақытша тұрақтауға болатынын жеткізді. Бұл орталықта құқықтық кеңес беріліп, 6 ай паналауға мүмкіндік бар. Қазір жалғыз қалған әйел балаларынан айырылып қалудан қорқады. Тұрар мекені, табысы жоқ адам ақтөбеліктерден көмек сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Ирина Шмидт Халыққа қызмет көрсету орталығында 1840 жылы туған деген анықтама алып, әбігерге түскен болатын. 

Соңғы жаңалықтар