Ақтөбеде екі жыл бұрын егілген 1 млн түп көшет қурап қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының іргесіне егілген 1 миллион түп көшет қурап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы Ақтөбе жасыл аймақ, экологиялық жағдайды қалыпты ұстау үшін 1 миллион түп ағаш отырғызатынын жазған болатынбыз.

Таяуда «Дыши, Ақтөбе» еріктілер тобы Ақтөбе қаласының іргесіндегі жасыл аймаққа барып, қурап қалған көшеттердің жай-күйін қарап шықты. Екі жыл бұрын егілген көшеттер күтімсіз қалған.

«Ақтөбе қаласының әуежай мен Богословка тасжолы маңында жалпы аумағы 1029,3 гектар жерге 1 миллион түп көшет отырғызылды. Механикалық әдіспен бойы 40-50 см болатын көшет егілгені рас. Ол жерде биіктен «Ақтөбе» деген жазу көрінуі тиіс болды. Сол кездегі қала әкімі жазу жақсы көрінуі үшін қарағай егуді ұсынды. Егілді, бірақ жаздың қуаңшылығынан жерсінбеді, тамыр жаймады. 2017 жылы күзде міндеттеме, шартқа байланысты «Эко Парк» ЖШС қураған көшет орнын қайта толтырды. Ал 2018, 2019 жылдары бюджеттен ақша бөлінбей, суарылмай қалды», - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Хасен Юсупов.

Ақтөбе қаласының қоқыс полигонының жанына да сол жылдары көшет отырғызылған болатын. 2016-2017 жылдары егілген ол ағаштар да суарылмаған.

«Мердігерлер коммерциялық жобасын ұсынды. Құны 2 миллиард теңгеден асып кеткен соң қаржы табылмады, көшеттер суарылмады», - деді Хасен Юсупов.

Ақтөбе қаласы әкімдігі ресми сайтында 1029,3 га жерге көшет отырғызу жұмыстарына 90 миллион теңге жұмсалатынын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар