Ақтөбеде екі пайыздық ипотека 1 мың мұқтаж отбасына беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 1 мың отбасы биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 2 пайыздық ипотека ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде тұрғын үй шаруашылығы бөлімінде кезекте тұрған отбасылар биыл 2 пайыздық үстемеақымен пәтер ала алады. Олардың қатарында көпбалалы, толық емес және мүгедек бала бағып отырған отбасылар бар. Бұл санаттағы азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 2 пайызбен ипотека ала алады.

«Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанаман қамтамасыз ету үшін биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүзеге асырылады. Оны жүзеге асыру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне алдағы үш жылда 150 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үйдің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Бастапқы жарна - 10 пайыз. Жылдық 2 пайызбен тұрғын үй заемы беріледі. Бұл жағдайда үміткер жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін тұрғын үй сертификатын пайдалана алады. Бағдарламаға 4 және одан да көпбалалы отбасылар, мүгедек бала бағып отырған және кәмелет жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар қатыса алады. Олардың атында баспана тіркелмеген болуы шарт. Бір ескерте кететініні - бұл бағдарламаға қатысушыларды жергілікті атқарушы билік анықтайды», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Балғожиев.

Талап бойынша отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда ең төменгі айлық көрсеткіштен аз болуы тиіс. Несие 18 жылға беріледі. Мәселен, пәтер құны 10 миллион теңге тұратын болса, жылдық 2 пайызбен несие алу үшін бастапқы 10 пайызын төлеу керек. Содан соң алғашқы 8 жылда отбасы ай сайын 52,3 мың теңге, содан кейін 11 жылда 36 мың теңге көлемінде несие төлейтін болады.

Соңғы жаңалықтар