Ақтөбеде екі ірі өндіріс орны жұмысшыларына 44 млн теңге қарыз

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде екі ірі кәсіпорын жұмысшыларына 44 миллион теңге берешек. Еңбеккерлер алдындағы қарыз бірнеше жылдан бері өтелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл мораторийге байланысты еңбек инспекторлары тексеруді азайтты. Алайда 900-ден астам адамның арыз-шағымы бойынша жұмыс берушілердің іс-әрекеті назардан тыс қалмады. Барлығы 159 нұсқама беріліп, 44 әкімшілік іс қозғалды. Жұмыс берушілерге 8 миллион теңге айыппұл салынды.

«Биыл өндірісте 45 жазатайым оқиға тіркелді. 9 айда 54 адам жараланып, 11-і көз жұмды. Барлық оқиға бойынша арнайы тексеру жүргізіліп, іс полицияға жіберілді. Қазіргі кезде 25 қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбеде екі ірі өндіріс орнының 150-ден астам жұмысшысы жалақысын ала алмай жүр. Жалпы қарыз көлемі 44 миллион теңгеден асты.

Оның бірі – «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС. Соңғы 2-3 жылда бұл мәселе шешімін таппай келеді. Екіншісі – «Аскаэкспоцентр» ЖШС. Берешегі - 15 миллион теңге.

«Аймақтық деңгейде тағы 5 кәсіпорын бақылауға алынды. Олар да жұмысшыларына қарыз. Ай сайын есеп жүргізіп отырамыз», - деді Саламат Аманбаев.


Соңғы жаңалықтар