Ақтөбеде екі баланы құм басып қалу оқиғасына қатысты сот басталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында жағажай басшысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Жәбірленуші тарап баланың дәрі-дәрмегіне арналған материалдық шығынды толық өтеуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында 1 және 2 жастағы бала жағажайдағы топырақ астында қалып, жедел ауруханаға жеткізілген болатын. Оқыс оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша іс қозғалып, жағажай қожайыны Арман Қазбаев сот алдында жауап беріп жатыр. Айыптау қорытындысына сүйенсек, «Інжу» жекеменшік жағажайы қауіпсіздік талаптарын сақтамай қызмет көрсеткен. Тіпті, әкімдікке тиесілі жерді заңсыз иемденіп, тынығуға арналған шатыр тігеді. Ал демалуға барған отбасының екі баласы құм астында қалып қойған.

«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйенсек, З.Ермейчук құм астында қалып, кеуде тұсына, қабырғасы, бүйрегі мен бауырына зақым келді. Сонымен қатар, жабық бас-ми жарақатын алды. Денедегі ауыр жарақат баланың өміріне қауіп төндірді. Отбасындағы өзге адамдар жеңіл жарақат алды», - деді айыптау қорытындысын оқыған прокурор Меңдібаев.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші Анастасия Еремейчук құмның астынан баласын қалай қазып алғанын айтып берді.

«Сол күні тынығуға жағажайға барған болатынбыз. Біз үшін арнайы шатыр тұрды. Екі баламмен барып, үлкен қызымды балалармен ойнауға жібердім. Бір кезде гүрс етіп, шаң көтерілді. Артыма қараған кезде кішкентай қызымның тек бас киімі көрінді. Жүгіріп барып, қызымды қазып алуға кірістік. Бірінші құлағын көріп, жылдам әрекет еттік. Бұл өте қорқынышты түс сияқты, әлі күнге дейін балам шошып оянады. Қызым құмның астында ес-түссіз, көкпеңбек болып жаттты. Су шашып, жасанды тыныс алуға көмектестім. Сол кезде жедел жәрдем шақырылды. Уақыт өткізіп алмау үшін өз көлігімізбен жол бойына шықтық», - деді ол. Жәбірленуші тарап балаға әлі де оңалту шарасы қажет екенін, сотталушылардың дәрі-дәрмекке қажетті барлық шығынды өтеуін сұрады. Олар әзірге моральдық өтемақы көлемін атамады.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар