Ақтөбеде екі аяғынан айырылған теміржолшы әйел комиссия қорытындысымен келіспеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Пойыз астына түсіп, екі аяғынан айырылған Гүлжанат Бұхарбаева комиссия шешімімен келіспей, қайта тексеруді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың 19 тамызы күні Шалқар ауданында оқыс оқиға тіркелген болатын. 33 жастағы келіншек пойыз астына түсіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Кейін оның туған-туыстары түсінік берді. Арада екі ай өткенде зардап шеккен теміржолшы ес жиып, комиссия шешімен келіспейтінін айтып берді.

«Үш баланың анасымын, теміржолшымын. Шалқар стансасының кезекшісі болып жұмыс істеймін. Осы жылдың 19 тамыз күні түнгі кезекшіліктен шығып, жолаушылар пойызының астына түсіп қалдым. Екі аяғымнан бірдей айрылдым. Екі айдан бері енді есімді жиып, өз-өзіме келіп жатырмын. Әлі де алдымда бірнеше ота күтіп тұр. Бұл оқиға қалай болды? Кім кінәлі? Бұл сұрақтарға жауапты өзімнен артық ешкім білмейді.

Теміржолдың жұмысы өте ауыр, миың тынықпаса болмайды. Ал мен соңғы аптада қатарынан 5 күн түнгі кезекшілікте тұрдым. Адам жетіспегендіктен 3 адам ғана кезекшілікте жүргеніміз тағы бар. 18 тамыз күні түнгі кезекшілігім өте ауыр болды. Жұмысымды бір жұтым су ішпей атқарып шықтым және бұған дейінгі басшымнын көрсеткен моральдық қысым бар қатты шаршап, жұмысты аяқтадым. Сондай әлсіреп келе жатып, пойыздың астына қалай құлап кеткенімді білмедім. Тек кеудемді көтеріп, шыға алдым. Осыдан кейін іс қозғалып, тергеу басталды. Облыстың еңбек инспекциясына шағымдандым. Комиссия құрылды. Бірақ комиссия өзімді кінәлі қылып шығарды. Менің бұндай күйге қалай түскенімді тексермеді. Тексеруге қатысты күмәнім көп, алдағы уақытта сотқа шағымданамын. Осы мәселені облыстық прокуратура жан-жақты тексеріп, адал шешім шығарса екен деймін. «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басшылығына бұл суицид емес, өндірістік жағдай екенін айтамын», - деді Гүлжанат Бұхарбаева.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бұл бір маманның емес, комиссия шешімі деп отыр. Қорытындысы – өндірістік жарақат емес.

«Комиссия құрамында үш адам бар. Олар: еңбек инспекторы, кәсіподақ пен теміржол стансасының басшылығы. Гүлжанат Бұхарбаева 7 жылдан астам уақыт осы қызметте еңбек еткен. Таңертең жұмыстан шығады, кезекшілігін тапсырады. Кейін үйіне бару үшін жолды белгіленбеген жермен кесіп өтіп, арғы бетке өтетін есік жабық тұрған соң стансаға қайта оралады. Қауіпсіздік ережесін білетін теміржолшы тағы да белгіленбеген жермен өтіп, пойыз қозғалған кезде құлап қалған. Комиссия қорытындысы бойынша бұл өндірістік жарақат емес. Себебі ол дәл сол жерде жұмыс берушінің тапсырмасымен жүрген жоқ. Негізі кезекшілік қызметте 7 адам тіркеуде тұр. Оның бірі бала күтімімен отыр, екіншісі кезекті еңбек демалысында. Бес адам жұмыс істеп, ауысқан. Кезекшілердің жұмыс кестесі сақталмағаны рас. Еңбек кодексі бойынша ауысым мен демалыс арасы 12 сағаттан кем болмауы тиіс. Бұл талап сақталған», - деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Талғат Искарин.

Соңғы жаңалықтар