Ақтөбеде екі ай бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйде газ бен жарық қосылмай тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында пайдалануға берілген көпқабатты үйдің жарығы мен газы, суы іске қосылмаған. Екі ай бұрын кілтін алған тұрғындар жаңа қонысқа әлі көшіп бармаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Сүйінхан Шиланбаев бүгін қала әкімі Ілияс Испановтың есеп беру кездесуіне келді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ауған соғысының ардагері екі айдан астам уақыт бұрын пәтер алғанын, жарығы мен суы берілмей тұрғанын жасырмады.

«Біз пәтер кілтін салтанатты түрде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан алған болатынбыз. Сол үйде газ, жарық, су жоқ. Жылуды қосып, маған жылудың коммуналдық ақысын төлеу қажет екенін айтты. Өзім ол үйге әлі көшпедім. Кеше ғана жұмыстан келдім», - деді ауған соғысының ардагері Сүйінхан Шиланбаев.

Жергілікті әкімдік көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымы дайын тұрғанын жеткізді. Тек пәтер иелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімшартқа отырып, құжаттарды уақытылы рәсімдеу керек.

«Тұрғын үй толық дайын. Пәтер иелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, құжаттарын реттеуі керек. Сол кезде барлық инженерлік желіні қосып береміз», - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Ілияс Испанов. Қала басшысы 24 пәтерлі тұрғын үй иелерінің бәрі келісімшартқа отыруы маңызды деп түсіндірді.

Айта кетейік, өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинаған ақтөбеліктер пәтерлі болды. Олардың арасында мұғалімдер мен дәрігерлер, қалалық әкімдіктің тұрғын үй секторында кезекте тұрған адамдар бар. https://kaz.inform.kz/news/aktobede-nurly-zher-bagdarlamasymen-273-pater-berildi_a3091912 

Соңғы жаңалықтар