Ақтөбеде екі ауылға газ тартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Әйтеке би ауданының Жарөткел және Ақкөл ауылының тұрғындары енді көгілдір отын тұтынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Жарөткел ауылында газ тарату станциясы іске қосылды.

«Еліміздің дамып, өркендеп келе жатқаны өрелі істердің атқарылуымен айқындалады. Өйткені әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, қалыпты өмір сүруіне мемлекетімізде көп көңіл аударылып келеді. Соның бір мысалы, Әйтеке би ауданында соңғы жылдары елдімекендерді газдандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да басты бағыт әлеуметтің әлеуетін арттыру жайына аударылған. Газ құрылысының жұмысын жүргізген құрылысшыларға алғыс айта отырып, ауыл тұрғындарын жағымды жаңалықпен құттықтаймын», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Қазіргі кезде Әйтеке би ауданы тұрғындарының 33,5 пайызы газ тұтынып отыр. Аудандағы Жамбыл, Талдысай ауылдарында ауылішілік газ құбыры желілерінің құрылысы басталған. Құмқұдық, Аралтоғай ауылдарына газ құбырын тартуға қажетті жобалар әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін Әйтеке би ауданындағы 28 ауылдың бесеуі газ пайдаланады.

Айта кетейік, өңір басшысы Аралтоғайдағы ауылішілік су құбыры құрылысы жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмысына 100 млн теңге бөлінген. «ҚазПромСтрой» компаниясы ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын құбырды тоғыз айда жөндеп шығады. Оңдасын Оразалин ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Елеусізов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімі жергілікті халықтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, интернетпен қамту, мал жайылымы, көгілдір отын, ауыз суға қатысты қойған сауалдарына толықтай жауап берді.

«Әйтеке би ауданы – облыс экономикасының дамуына ең үлкен үлесін қосып отырған және аграрлық аудандардың бірі. Қазіргі таңда аудандарға, соның ішінде елдімекендерге көп көңіл бөлінуде. Инфрақұрылымдық, әлеуметтік мәселелер ең басты назарда. Әйтеке би ауданында айтарлықтай проблемалар жоқтың қасы. Дегенмен, шешілуді қажет ететін кейбір мәселелер де бар. Басты мақсат – ел болып, жұрт болып еңбек ету, келешекке сеніммен қадам басу үшін бірге жұмыс істеу»,-деді О.Оразалин.

Өңір басшысының жұмыс сапары Ақкөл ауылында жалғасты. 716 тұрғыны бар елдімекенде газ құбыры іске қосылды. Ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын газ құбырының ауыл ішіне тарату жұмыстарымен «Муканов и К» ЖШС атқарды.

Соңғы жаңалықтар