Ақтөбеде Досжан ишан мешітін қалпына келтіру жұмыстарына дайындық басталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті қалпына келтіріледі. Мамандар мешіт құрылысы кезінде пайдаланылған материалдарды зерттеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген Ақтөбедегі 10 нысанның бірі - Досжан ишан мешіті. Бұған дейін тарихи орынды сақтап қалуға қаржы тапшылығы қолбайлау болғанын жазған болатынбыз. Ал биыл зерттеу жұмыстары басталды.


«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында облыс аумағындағы «Ескерткіштерді сақтау және қайта қалпына келтіру» бағыты бойынша бірнеше тарихи-мәдени нысанда реставрация-консервация жұмыстары жүргізілетін болады. Қазір ауылдық жерлерге және жолға жақын орналасқан облыстағы үш ескерткішті қалпына келтіруге байланысты жобалық-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары басталды. Солардың бірі - Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан ХІХ ғасырдың сәулет өнері саналатын әйгілі Досжан ишан мешіті. Аталған ескерткішке археологиялық қазба жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы археология институты жүргізіп жатыр. Мақсаты - мешіттің жан-жағын қазу, тазалау арқылы конструкциялық негізін, неден тұрғызылғанын, ескерткіш деңгейлерінің өлшемдерін және құрылыс материалының түрін анықтау. Қазба-зерттеу нәтижесінде жоспар сызбалары жасалады. Археолог-мамандар қазір ескерткіш басында қызу жұмыс үстінде. Біздің орталық тарапынан мамандар тартылған«, - деді Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы Бақытжан Қалнияз.

Айта кетейік, жаңа тағайындалған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев арнайы барып, жұмыс барысымен жақын танысты. Алдағы уақытта облыстық бюджет есебінен Досжан ишан мешіті қайта қалпына келтірілуі мүмкін.

Үш нысанның бірі Досжан ишан мешіті болса, кейінгісі Ырғыз ауданындағы Алмат тамы (XIX ғасыр), Шалқар ауданындағы Балғасын мешіті (ХІІІ-ХVIII ғғ).

Соңғы жаңалықтар