Ақтөбеде декреттегі келіншек мемлекеттің грантына сән салонын ашты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде декреттегі келіншек мемлекеттің 500 мың теңге грантын алып, сән салонын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салон ашу - оңайдың оңайы. Қажетті білімді «Жас кәсіпкер» курсынан оқып алдым. Кейін кәсіпкерлікті қолдайтын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының грантын ұтып алдым. Мен бала күтімімен отырған анамын. Балам бір жаста, бірақ бұл клиент қабылдап, косметологиялық қызмет көрсетуіме кедергі болып отырған жоқ«, - дейді 22 жастағы Іңкәр Молдабай.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы кәсіп ашуына мүмкіндік беріпті.

Іңкәр «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 АЕК, яғни 505 мың теңге мөлшерінде грант алған.

«Сол ақшаға 4 кушетка, 2 маникюр үстелін, визаж үстелін, 8 орындық, 2 бар орындығы, стерилдеуге қажетті құралдар, аппараттық маникюр инвентарын, желдеткіш және ультракүлгін лампа сатып алдым. Әзірге орын жалдап тұрмын», - деді жас кәсіпкер.

Оның жобасы 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша алғаш рет «Жас кәсіпкер» жобасы қолға алынған. Ақтөбе облысы бойынша, 1100 адам оған қатысқан. Олар 18-29 жас аралығындағы табысы аз, көп балалы отбасылар. 289 адамның кәсіп ашуына қаражат бөлінген (284 грант және 4 шағын несие).

Авторы: Самал Ендібаева

Соңғы жаңалықтар