Ақтөбеде дәрігерлер мен мұғалімдер қоныс тойын атап өтуде

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пәтер пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұңғыш Президенті күні Ақтөбеде денсаулық сақтау және білім саласы қызметкерлеріне баспана кілттері табысталды. Бұл, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ мен министрліктер арасындағы меморандум аясында іске асырылып отыр. Барлығы 40 пәтер Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қызметкерлеріне, оқытушыларға берілді.

Қала әкімі Мавр Абдуллин қоныс иелерін құттықтап, халықты баспанамен қамту мемлекеттік бағдарламалар аясында жалғаса беретінін атап өтті.

«Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының игілігін ақтөбеліктер де көріп келеді. Осы және «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында пәтер беріліп жатқанына қала халқы куә. Қазір Ақтөбе алып құрылыстар алаңына айналды. Бүгінгі күні қалада 60-тан астам тұрғын үй салынуда. Оның ішінде мемлекеттік баспаналар, коммерциялық үйлер бар. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әл-ауқатын көтеру үшін алған міндеттемелерімізді орындауға ынта-жігерімізді салып отырмыз», — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Айта кетейік, пәтерлер сатып алу құқығымен жалға берілді. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ алдағы уақытта шамамен 40 млрд теңге бағыттайтын болады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Нұр-сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында пәтерлерді бөлу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар