Ақтөбеде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығында 800-ден астам жұмыссыз тіркелген. Бүгін 72 мекеме оларға 1 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жұмыссыздар мен жұмыс берушілер бір-бірінің ұсыныс, сұраныстарын тағы бір қарап шықты. Кез келген мекемеге есепші, сауда қызметкерлері керек. Құрылысшылар мен мұнайшыларға, дәрігерлер мен мұғалімдерге де сұраныс бар. Ал Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің КА 168/2 мекемесі психиатор, рентгенолог, дерматовенеролог, фтизиатор секілді бірнеше дәрігердің орны бос тұрғанын жеткізді.

«Біздің мекемеге дәрігерлер қажет. Ақтөбеде медициналық жоғары оқу орны болғанымен, арнайы мамандық берілмейді. Сондықтан Алматы, Астанадағы жастарды шақырып жатырмыз. Бізге жасы 35-тен аспаған дәрігерлер шақырылады. Себебі, арнайы мекемеде жұмыс істейтін мамандар 45 жасында зейнетке шығады. Дәрігерлеріміздің бәрі зейнетке кетті»,- дейді мекеменің кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы.
null 

«Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 72 білім, денсаулық сақтау, құрылыс, сауда, қызмет көрсету саласындағы жұмыс беруші мекеме қатысты. Барлығы 1 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды.

«Мұнайшылардың кейбірі 50 мың теңге еңбекақыға келісіп жатыр. Кейбірі жұмыс тауып алып, қайта еңбекке араласқан. Олардың арасында қайта мамандық алу үшін қысқа мерзімді курстарға жазылғандар да бар. Биыл 500-ден астам адам қайта оқытылдады. Қазіргі уақытта мұнай компанияларының жұмысшылары қысқарады деген мәлімет келіп түскен жоқ»,- деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нейлә Бөртебаева.
null 

Ал рақымшылыққа іліккендердің 20-сы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде тіркеуге алынды. Екеуі оқуға жіберіліп, үшеуі «Жасыл ел» жастар жасағына қосылып, қаланы көгалдандыру жұмыстарына тартылды. Үш адам жұмысқа орналасып үлгерді.

«Қазіргі уақытта түрмеден шыққан 4 адамды таба алмай жатырмыз. Олар бостандыққа шықпас бұрын мекенжайын қалдырады. Жергілікті полициямен бірге іздеп жатырмыз, әзірге хабар жоқ. Рақымшылыққа іліккендердің жетеуіне жұмыспен қамту орталығының мамандары арнайы барып, шақырды. Олар әлі орталыққа келіп, тіркелген жоқ»,- дейді Н.Бөртебаева. 

Соңғы жаңалықтар