Ақтөбеде боран салдарынан жолдар жабылып, ғимараттар шатыры бүлінді

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде боран салдарынан республикалық маңызы бар жолдар жабылды, емдеу мекемелері мен тұрғын үйлердің шатыры бүлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«29 наурыз күні сағат 14:30 - 22:30 аралығында Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері Ақтөбе қаласы, Алға, Қарғалы, Хромтау аудандарында 8 авариялық-құтқару жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 82 адам, оның ішінде 12 бала құтқарылды. Бәрі дін аман. Құтқару жұмыстарына 25 қызметкер мен 9 техника, сондай-ақ полиция мен жол қызметінен 55 қызметкер мен 35 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, Ақтөбе қаласында қатты желдің салдарынан бірнеше ғимараттың шатыр жабындысы ұшып кетті.

«Облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы ғимараты, көпқабатты үйдің шатыры, облыстық балалар клиникалық ауруханасы, Жаңақоныс ауылы Комсомольская көшесіндегі монша шатыры зақымданды. Қатты жел болған жағдайда терезелерді жауып, электр желісін шамадан тыс жүктемеуді сұраймыз. Көліктерді ағаштардың, маңдайшалардың, жарнама қалқандарының және белгілердің жанында қалдыруға болмайды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ ТЖД хабарлауынша, республикалық маңызы бар екі учаске жабылды: «Комсомол-Денисовка-Рудный-Қостанай», «Самара-Шымкент» тасжолының Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ ауылына дейінгі аралық. Сондай-ақ облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк», «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Ор» жолында қатынас уақытша тоқтады.


Соңғы жаңалықтар