Ақтөбеде бомба туралы жалған хабар таратқан студент ұсталды
2021 жылғы 20 желтоқсан 22:06

Ақтөбеде бомба туралы жалған хабар таратқан студент ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Жосалы ауылында жарылғыш зат бар деп хабарлама берген күдікті ұсталды. Ол Қарғалы ауданында тұратын студент болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 желтоқсан күні сағат 01:30 шамасында Ақтөбе облысы ПД Қарғалы аудандық ПБ кезекші бөліміне ер адам қоңырау шалды.

Оның айтуынша, Қарғалы ауданының Жосалы ауылына бомба қойылған.

Оқиға орнына полиция жасақтары, авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері, Қарғалы ауданының жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді.

«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында учаскелік полиция инспекторы күдікті ретінде 18 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол колледж студенті болып шықты. Жас жігіт әзілдеп айтқанын мойындады. Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, күдіктінің кінәсі дәлелденсе 5000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

Тіпті түзету жұмыстарына тартылып, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Jańalyqtar

MURAǴAT