Ақтөбеде бомба қойылды деген хабардан соң 4 ЖОО ғимараты тексерілді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық Полиция департаментіне жоғары оқу орындарының ғимаратында бомба бар деген хабарлама түсті. Арнайы қызметкерлер бірнеше сағат бойы іздеу жұмысын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сағат 12:30 шамасында түскен хабарламадан соң барлық шұғыл қызмет пен саперлер тобы дереу оқиға орнына барды. Ғимараттардан жарылғыш құрылғыларды іздеді.

«М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ.Жұбанов атындағы АӨМ университеті, Экономика және статистика институты және М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ғимаратынан студенттер, оқытушылар және жұмысшылар шығарылды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбе қаласындағы бірнеше мектептің электронды поштасына «білім ордасында бомба бар» деген хабарлама түсіп , тексеру жүрді. Алайда хабарламаны кімнің жібергені әлі күнге дейін белгісіз.



Соңғы жаңалықтар