Ақтөбеде биыл 9 ауылға газ беріледі

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл 9 ауылға газ беріліп, 50 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттармен, БАҚ өкілдерімен, әлеуметтік желі белсенділерімен кездесті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2022 жылға арналған міндеттер жайлы баяндады.

«Мен 2019 жылы осы қызметке кіріскелі облыстағы аудан орталықтары мен көптеген ауылда болып, халықтың жол жөндеу, газдандыру, сумен жабдықтау, жұмыспен қамту және табысты көтеру сияқты өзекті сұрақтарын шешуді өз міндетіме алдым. Осы міндеттерді шешу шараларының жоспары құрылды»,- деді шараны ашқан облыс әкімі. Жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2019-2021 жылдар ішінде 26 елді мекен сапалы ауыз сумен, 46 ауыл газбен қамтылды.

«Биыл 50 ауылды сапалы сумен, 9 ауылды газбен қамтуды жоспарлап отырмыз. Осылайша халықтың 98,5 % сумен, 93,4 % газмен қамтылатын болады»,- деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

2018 жылы облыс бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 53% құрады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 66,7% жетті. Сонымен бірге жыл сайын кемінде 300 шақырым жол жөнделеді. Биыл жалпы ұзындығы 752 шақырым болатын 201 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 32,3 млрд теңге аударылады. Әлеуметтік салада да оң динамика байқалады. Соңғы үш жылда облыста 30 денсаулық сақтау нысаны салынса, оның ішінде Ақтөбедегі перинаталды орталық, 32 мектеп, бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 бассейн, 60-тан аса спорт алаңы бар.

Ауыл шаруашылығындағы өндірістің де өсімі тұрақты. Өнім көлемі 2019 жылы 275 млрд теңге болса, 2021 жылы 376 млрд теңгеге өскен. Шаруаларға арналған субсидия көлемі екі есеге артты. Атап айтқанда, былтыр олар 23 млрд теңге субсидия алса, оның ішінде 8,3 млрд. теңге мал азығына алды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінде 102,7 %, тұрғын үй 113,6 %, инвестиция тартуда 120,6 %.​ өсім байқалады.

​«Бүгінде әлемде, атап айтқанда, көрші елдерде не болып жатқанын бәріміз білеміз. Өкінішке қарай мұндай ауқымды оқиғалар біздің республикамызға ғана емес, біздің өңірімізге де әсер етіп жатыр. Алайда, біз халықтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді салатындығымызға толықтай сендіре аламын. Сондай-ақ, «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы шеңберіңде атқарылып жатқан бірлескен жұмыс арқасында, біз өңірімізді тоқырауға ұшыратпай, оның өсіп-өркендеуін және гүлденуін қамтамасыз ете аламыз. Осы жолда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе тізе қосып еңбек ету әрқайсымыздың азаматтық парызымыз»,- деп атап өтті О.Оразалин.


Соңғы жаңалықтар