Ақтөбеде биыл 47 адам суицидтен көз жұмды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл 168 адам өз-өзіне қол жұмсады. Оның ішінде 47 адам көз жұмып, қалғаны құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, суицид жасайтындар саны артқан. Былтыр дәл осы уақытта 128 дерек тіркелсе, биыл 168-ге жеткен. Орта есеппен күніне 2 адам суицид жасайды.

«Ақтөбе қаласында 143, Мұғалжарда 5, Шалқарда 4, Мәртөкте 3, Әйтеке би ауданында 3 жағдай тіркелді. Көпқабатты үйлерден секіру кезінде қоғамда ерекше резонанс туындайды. Биыл осындай 5 жағдай тіркелді. Сәуір айынды үш әйел көпқабатты үйден секірді. Оның біреуі 25 қабатты «Ақтөбе-Ажары» тұрғын үй кешенінде болса, екіншісі Ақтөбе қаласының орталығындағы тоғыз қабатты үйде анықталды. Қазір облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына суицидтің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау туралы хат жолдады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Асхат Макаев. Прокурордың айтуынша, суицид жиі жасалатын орындарға мониторинг жүргізіп, оларды болдырмау үшін шаралар қабылдануы тиіс. Мәселен, 25 қабатты тұрғын үй кешеніндегі балконның ашық учаскелеріне қоршаулар орнату міндет.

«Шатырға шығатын есіктерді құлыптау міндеті кондоминиум төрағалары және мүлік иелерінің бірлістігі басқарушыларына жүктелуі тиіс. Сонымен бірге суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық топ құрып, әрбір фактіні зерттеген дұрыс. Қайғылы оқиғаны болдырмау үшін арнайы тетіктерді әзірлей отырып, себептерді айқындау, оның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және оны енгізу туралы хат жолданды. Бұл мәселе облыс прокуратурасының ерекше назарында», - деді прокурор Асхат Макаев.

Еске салсақ, биыл сәуірде анасы мен қызы 25 қабатты үйдің терезесінен секіріп мерт болды. Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, оқиғаның себебі белгісіз күйінде қалды
Соңғы жаңалықтар