Ақтөбеде билетсіз пойызға мінген шетелдіктер анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Атырау - Алматы» бағытына билетсіз мінген 12 адам анықталды. Олардың арасында шетел азаматтары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Ақтөбеге қатынайтын пойызға билетсіз мінгендерді анықтады.

Рейд «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы филиалының өкілдерімен бірге іске асырылды. «Жасырын сатып алушы» әдісімен сапаршылар кеңесінің мүшесі Мейрамбек Камалов Ақтөбенің Шұбарқұдық стансасынан Қандыағаш стансасына 1 мың теңгеге келісіп, пойызға мінді.

«Жолсеріктердің өзін-өзі ұстау мәселесі де қадағалануы тиіс деп есептейміз. Себебі заңсыздық анықталған кезде 8-вагон жолсерігі дөрекі сөздер айтып, ашуын тежей алмады. Жолаушыларға қызмет көрсететін жолсеріктің әрекеті осы бағыттағы жұмыстардың ақсап тұрғанын көрсетеді», - деді сарапшы Мейрамбек Камалов.

№41 «Атырау - Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында барлық вагон тексеріліп, 12 жолаушының билетсіз мінгені анықталды. Олардың көбі Атырау стансасынан мінген. Арасында Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары да бар.
null

«Тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу, азаматтарға жайлы жағдай жасау үшін рейд жүргізілді. Рейд кезінде билетсіз мінген 12 адам анықталды. Кейбірі діттеген жеріне жету үшін жолсерікке 15 мың теңге берген екен. Бәрі де тіркеуге алынып, шара қолдану үшін құжаттар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның филиал басшылығына берілді», - деді «Адалдық алаңы» сарапшылар кеңесінің басшысы Жанболат Тортаев.

Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасады. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қай бағытқа қатынайтын жолаушылар пойызын рейдтік тексеруге алатынын құпия сақтайды.

Сарапшылар кеңесінің басшысы Жанболат Тортаевтың айтуынша, жолаушыларды билетсіз мінгізген жолсеріктер міндетті түрде жазаланады.

null

Соңғы жаңалықтар