Ақтөбеде Беларусь лифт зауытының филиалы ашылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде журналист Айзат Әбдісаматтың өлімінен соң лифттер түгел тексерілді. Ақтөбе қалалық әкімдігі лифттерді жаңарту үшін Беларусьтағы лифт зауытының филиалын ашпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша 800-ден астам көпқабатты үйде лифт бар. Барлығы 34 лифт өз жұмысын тоқтатқан. Ал 282 лифттің пайдалану мерзімі өтіп кетті. Қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, өткен жылы қалалық бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп, ескі лифттер ауыстырылды.

«Биыл ескі лифтті ауыстыру үшін 75 миллион теңге бөлініп отыр. Ақтөбелік делегат Беларусьтағы лифт зауытына барып, келісімшарт жасады. Алдағы уақытта филиалын ашамыз немесе лифт жинақтайтын орын өз жұмысын бастайды. Сол кезде лифт бағасын 1 миллион теңгеге арзандата аламыз. Барлық жұмыс лифт істен шыққан көпқабатты үй тұрғындарымен бірге атқарылады. Бюджеттен ақша бөлінеді, бірақ тұрғындар жылдар бойы төлеп, қаржыны қайтаруы тиіс», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Еске салсақ, журналист Айзат Әбдісамат лифтке қысылып, көз жұмды. Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, лифттердің техникалық жағдайы тексерілді. Ал таяуда лифтке жауапты мемлекеттік қызметкердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды.

Соңғы жаңалықтар