Ақтөбеде басқа өңірлерге қарағанда еңбекақы едәуір төмен – Оңдасын Оразалин

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыс тұрғындарының орташа еңбекақысы 13,4% өсіп, 173 мың теңгеден асты. Басқа өңірлермен салыстырғанда әлі де жалақы едәуір төмен. Бұл туралы облыс әкімі О.Оразалин есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин есеп беру кездесуін онлайн өткізді. Өңір басшысы азаматтардың табысын көтеру, өңір халқының әл-ауқатын арттыру мәселесіне баса назар аударды.

«Төтенше жағдай кезінде 520 мыңға жуық ақтөбелік 20 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. ​ 900-ден астам кәсіпорын 30 мың қызметкердің еңбекақысын орташа алғанда 10 %-дан 50 %-ға дейін өсірді. Жалпы облыс тұрғындарының орташа айлық еңбекақысы 13,4%-ға өсіп, 173,4 мың теңгеге жетті. Осы жылы халық табысын арттыру жұмыстары жалғасатын болады. Мемлекет басшысының инвесторларға тікелей берген тапсырмасы бар. Соның арқасында өткен жылы мұнай, кен орындарының басшылары еңбекақыны 30 пайызға дейін өсіруге әрекет жасады. Дегенмен әлде де еңбекақы басқа өңірлерге қарағанда едәуір төмен. Жұмысшылардың талабын түсінеміз. Еңбек қатынастарын бейбіт түрде шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейміз»,-деп жеткізді облыс әкімі.

Айта кетейік, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 41,5 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың көп бөлігі 300 әлеуметтік және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға бағытталып, қосымша 12,1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Біз жұмыссыздыққа жол бермей, деңгейін 4,8% ұстай алдық. 23 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.​ 54,2 мың адам «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен еңбекке араласты. Биыл кемінде 23 мың жаңа жұмыс орнын көзделді»,- деп атап өтті.


Соңғы жаңалықтар