Ақтөбеде «Baqytty Bala» балалар фестивалі өтіп жатыр

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Baqytty Bala» балалар фестивалі өтіп жатыр. Оған әлемнің бірнеше елінен 21 өнерпаз іріктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқаудың өз ерекшелігі бар. Әр елден келген балалар бір атаның баласындай тату. Біздің тілегіміз де осы. Олар бәсекелес емес, дос сияқты. Жеңісіне қуанады, шын көңілін білдіреді. Мұнда іріктелген балалардың бәрі жеңімпаз деп айтуға болады. «Бақытты бала» деп атаудың негізі де осында жатыр», - деді байқау ұйымдастырушысы, қазылар алқасының мүшесі Қанат Айтбаев.

Әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев оның жоспарымен де бөлісті.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның барлық қаласын аралап шығып, түйінді концерт Ақтөбеде өтті. Одан кейін жоспарына қарай 2017, 2018, 2019 жылдары әртүрлі елдерде, оның ішінде астанада екі концертін берді. Еуропада жоспарлы концерттері өтті. Алматыда да болады. Амандық болса жоспарлы түрде Ақтөбеде де болады. Әзірге географиялық шеңберін кеңейтіп, қазақтың өнерін паш етіп жүр», - деді ол.

Сонымен бірге өңірге Димаш Құдайбергеннің фанаттары да келді.

«Біз Уфа қаласынан келіп тұрмыз. 2018 жылы бізде фанклуб ашылып, басымыз қосылды. Ақтөбеге екеуіміз келдік. Ал Алматыдағы концертке он адам қатыспақпыз», - деді Эльвира Юнусова.

Айта кетейік, «Baqytty Bala» байқауы алғаш рет 2018 жылы басталды. Өткен жылдардың жеңімпаздары мен қатысушылары Димаш Құдайбергеннің жеке концерттері аясында, оның ішінде Лондон мен Нью-Йоркте бір сахнада өнер көрсетуге бірегей мүмкіндік алды. Биыл байқауға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка елдері мен Қазақстанның барлық қалаларынан 200-ден астам жас вокалист өтініш білдірген. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға 21 өнерпаз шықты. Бұл күндері олар «Өнер орталығының» концерт залында байқаудың Гран-при жүлдесін сарапқа салып жатыр. Қатысушылар екі шығарманы – ана тіліндегі әнді және әлемдік хит немесе авторлық әнді орындауы керек.


Соңғы жаңалықтар