Ақтөбеде банкрот болған зауыттың жұмысшыларына жалақының қашан берілетіні анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Банкрот болған Ақтөбенің бейметалл құбырлар зауыты жұмысшыларына 63 миллион теңге қарыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік жұмысшылар бірнеше жыл бойы зауыттың қайта жаңғырып, жұмыс істейтініне сенді. Дегенмен талшықты пластикалық құбырлар шығаратын зауыт алғашында Ресей, Өзбекстанға өз өнімін тасымалдағанымен, кейін сұраныс болмаған.

«Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты жұмысшыларына 63 миллион теңге қарыз. Қазіргі уақытта зауыттың бар мүлкі бағаланып, сатылымға шығарылды. Алғашқы құны 1 миллиард 400 миллион теңге. Бірінші сатуға шығарылған кезде зауытты ешкім алмады. Заңға сәйкес зауыт құны 20 пайызға арзандатылып, қайта сатылады. Сол кезде алдымен жұмысшылардың еңбекақысы төленеді», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Қазіргі уақытта 100-ден астам адам жалақысын ала алмай жүр. Олардың кейбірі сол компаниядан зейнетке шыққан.

«Бірнеше рет жұмысшылармен кездесу өтті. Зауыт 2018 жылдың ақпан айында сот шешімімен банкрот болды. Қазіргі уақытта борышты өтеу үшін сатылымға шығарылды», - деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

Жұмысшылардың кейбірі 500 мың теңге, кейбірі 1,5 миллион теңге болатын жалақысын алмаған. Сонымен қатар компания күзет қызметін көрсеткен ұжымға 10 миллион теңге берешек.

«Жұмысшылардың әрқайсысы бір отбасының азаматы. Кейбірі несие алып, қарызға батқан. Сондықтан осы мәселені шешіп беру үшін көмек сұрап отырмыз»,- деді бұрынғы жұмысшы Оралбай Елубайұлы.null null

Соңғы жаңалықтар