Ақтөбеде балық сатушыларды бопсалаған полиция басшысының орынбасары ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Абай Дәулетов балық сатушыларды бопсалаған. Бұл іске қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтөбе облысының прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті бірлесіп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша полиция қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ақтөбе облысының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері балық өнімдерін сатушыларды анықтап, қылмыстық жауапқа тартпау үшін оларды бопсалаған. Кейін балықты полиция қызметкерлері басқа адамдарға сатқан. Полиция қызметкерлері 26 сәуір күні балық сату кезінде ұсталды.

Олар балықты 70 мың теңгеге бағалады. Облыстық ІІД ҰҚКБ бастығының орынбасары Абай Дәулетовті арнайы прокурорлар басқармасы мен  Ақтөбе облысының ҰҚКД бірлесе қолға түсірді», - деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалды. Прокуратура күдікті Абай Дәулетовке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін сотқа жолдады. 

Соңғы жаңалықтар