Ақтөбеде баласын қорғаған ананың екі аяғын ит қауып алды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде баласын қорғанан ананы ит талап, қазір күнделікті емін алып жүр. Полицияға арыз жазып, ветеринарларға да хабар бергенімен, істің мән-жайы әлі белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында мектеп оқушысын ит талап өлтіріп, ата-анасы ит иесін жазалауды сұраған еді.

Қазіргі кезде осы іске қатысты тергеу жүріп жатқанымен, сот-медициналық сараптамасы әлі белгісіз.

Арада бір айдан астам уақыт өткенде Есет батыр тұрғын алабында тағы бір балаға ит жүгіріп, анасы оны қорғап қалды.

«Ит менің апамды қауып алды. Қазір жағдайы жақсы. Бірақ күн сайын дәрігерге барып, жарасын таңып алады. Себебі аяқ ісіп, ит тістеген жері қанап қалады. Оқиғаны естіген кезде өзім полицияға, 109 нөміріне хабар бердім. Полиция келіп, арызымызды қабылдады. Ал 109 жедел қызмет көрсету нөмірінен ешқандай хабар жоқ», - деді зардап шеккен қала тұрғынының інісі Әліби Нұржан.

Оның айтуынша, ит балаға жүгірген. Анасы қолына көтеріп алған кезде аяғын тістеген.

«Итті ұстады деп айта алмаймын. Себебі кеше ғана өзім жүргенде бірнеше ит соңымнан ерді», - деді ол.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы жаңа талап күшіне енген кезде итті ұстау, тасымалдау, ұрықсыздардыруға барлығы 140 млн теңге қаржы қажет екенін айтты.

«Бұл жерде жалпы қоғамның жауапкершілігі керек. Құрылысшы, сол жердің күзетшісі немесе көшедегі басқа адамдар болса да маңызын түсінуіміз қажет. Біріншіден, заңның сақталуы маңызды, екіншіден қауіп төнген кезде бірден 109 нөміріне қоңырау шалу міндетті. Одан кейін облыстық ветеринария басқармасына, ветеринария стансасына жолданады. Аулау жұмыстары сол кезде атқарылады. Ит те тірі жануар. Хабарлама түскенімен барғанда таба алмай қалып жатамыз. Қаңғыбас иттің адамға шабуы бірден шешіле қояды деп айта алмаймын. Біз қазір ұрықсыздандырамыз, чип саламыз. Жоспар бойынша 2-3 жылда толық пішіп болуымыз керек. Содан кейін ол көбеймейді. Яғни, табиғи азаю процесі жүруі керек», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құрайын Сәрсембай.

Қазіргі кезде заңға қажетті нормативтік-құқықтық акті әзірленіп жатыр. Соған сәйкес қаржы бөлінеді.

Құрайын Сәрсембайдың айтуынша, аудандар бойынша бір итке 14 100 теңге, қала бойынша 14 800 теңге жұмсалуы мүмкін.

«Ұстау, тасымалдау, ұрықсыздандыру, чип салуға 140 млн теңге сұрап отырмыз. Негізі жылына 300 млн тг керек. Жұмыс сапалы болса, қажет қаржы азаяды. Себебі итті ұстағанда піштіреміз. Ұрғашы итті 15 күн, атылығын бір апта ұстаймыз. Ветеринарлық тексеруден өткізіп, сырғасын салып қайта жібереміз. Маман ретінде одан кейін де қауіпті болмайды деп айта алмаймын. Себебі балаға, адамға аш болған соң жүгіреді. Олардың бәрі аш, тамақ жегісі келеді. Сол себептен осындай жағдайға тап боламыз. Қаңғыбас иттердің көбі құрылыс алаңында қазір Ақтөбеде. Бұл сұрақ бірнеше рет көтерілді. Ең көп ауланған жері Ақтөбенің Есет батыр тұрғын алабы, Батыс-2 шағын ауданында. Құрылыс жеке меншік территория болған соң кейде кіре алмаймыз. Ол да кедергі. Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс алаңдарына полициямен бірге барып, аралап жүрміз», - деді Құрайын Сәрсембай.


Соңғы жаңалықтар