Ақтөбеде балалары түнде көшеде жүрген ата-аналар айыппұл төледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде түнгі уақытта бақылаусыз жүрген балалардың ана-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер күшейтілді. Қазір полиция қызметкерлері мен жастар патрулі бірігіп, ойын клубтары мен букмекерлік кеңселерді бақылауға алды.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, көңіл көтеру орындарындағы қылмысты азайту шаралары өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында да қаралды.

Жыл басынан бері түнгі уақытта серуенге шыққан ақтөбелік жасөспірімдердің 100-ден астам ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға барлығы 2 млн теңге айыппұл салынды. Өткен жылдың тамыз айынан бері 2 мыңға жуық ата-ана ескерту алды.

Облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, өңірде «Жас сақшы» жастар патрулі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде студенттер бірлестігінің құрамында 100 мыңнан аса жас бар.

«Студенттер жатақханасында тәртіп болуы тиіс. Қылмыстың денін аудандардан қалаға оқуға келген студенттер жасайды. Олардың бос жүрмеуін бақылауға алыңыздар»,- деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.

Рейд әрі қарай жалғасады. Көңіл көтеру орындары басты назарда болады.

«Көңіл көтеруге арналған 10 мекемеге жасалған ескертулер толықтай жойылды. Сондай-ақ 15-і берілген бұйрықты орындап жатыр, үш нысанның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, екі нысанның жұмысы тоқтатылды», - деп баяндады Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асқар Көкеев.

Бұдан бөлек, Ақтөбеде аулалар мен көшелерде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығындағы 278 аулаға 1 358 камера орнатылған. 1 634 көпқабатты үйдің ауласы мен кіреберісі түнгі уақытта жарықтандырылады.

Соңғы жаңалықтар