Ақтөбеде балалар арасында коронавирусқа шалдығу жиіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Өткен тәулікте барлығы 22 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі кезде ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен 92 бала дәрігерлер бақылауына алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызыл» аймақтағы Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Өткен тәулікте тағы 206 адамнан COVID-19 анықталды. Олардың 146-ы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Көбі Ақтөбе қаласының тұрғыны.

«Тәулік ішінде 22 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Сонымен бірге 4 мұғалім мен 4 медицина қызметкерінен де COVID-19 тіркелді. Барлығы 5 мыңға жуық адам әлі де үй карантинінде. Сондықтан бетперде тағып, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Британдық штамм тіркелген сәттен бастап ауру саны артып кетті», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Облыс бойынша жедел жәрдем шақыртуы да артты. Бір тәулікте 1 мыңға жуық адам халаттылардан көмек сұраған. Олардың 23-нен КВИ, 11-нен пневмония анықталды.

«Қазір 646 адам инфекциялық стационарларда жатыр. Оның 429-ы қалада. Өзгесі аудандардағы емдеу орындарында. Жансақтау бөліміндегі 46 адам ерекше бақылауға алынған. Әсіресе өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 6 науқастың жағдайы ауыр. Британдық штамм тез тарайтыны, ауыр өтетіні бұған дейін айтылды. Өз бетімен емделуге болмайды. Тұмау белгісі анықталса бірден учаскелік дәрігерге хабар беруі керек», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Бекболат Ізбасаров.

Оның айтуынша, вирус жұқтырған 92 баланың 10-ы инфекциялық стационарда жатыр.

Ақтөбе облысы бойынша КВИ-ді қайта жұқтырған адам жоқ. Инфекциялық стационарлардың 50 пайызы толды.


Соңғы жаңалықтар