Ақтөбеде балабақша терезесінен құлап кеткен сәбидің анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде үш жастағы баланың балабақша терезесінен құлап кеткенін тәрбиешілер емес, алдымен құрылысшылар көріп, балабақшаға әкелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш жастағы баланың жағдайы бірқалыпты, ауруханада ем қабылдап жатқанын жазған болатынбыз. Бүгін тәрбиешінің жұмыстан шығып кеткені белгілі болды.

«Біздің балабақшаның терезесі ашылады. Сол күні бала терезеге мініп, оны ашып, құлап кеткен болуы мүмкін. Тәрбиеші балаларды ұйықтатпақ болып шешіндіреді, кереуеттеріне жатқызады. Сол кезде баланың кетіп қалғанын байқамай қалған. Топта барлығы 22 бала бар», - деді «Нұр Зерек» балабақшасының меңгерушісі Айнагүл Жұмағұлова. Қазір балаларды бақылай алмаған тәрбиеші өз еркімен жұмыстан шыққан. Ал балабақшаның әр терезесіне құлып салынады.

«Санитарлық-эпидемиологиялық талап бойынша терезелерге тор қондыру қарастырылмаған. Тек құлыпталатын болады», - деді меңгеруші.

Ал дәрігерлер баланың жағдайын бақылауда ұстап отыр.

«Ми жарақатын алып, аяғы сынған. Қазір баланың жағдайы тұрақты, ем қабылап жатыр», - деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Сағидолла Досмағанбетов.

Анасы баласының дәрі күшімен ғана жатқанын айтып отыр.

«Егіз баламды жеке балабақшадан шығарып алып, мемлекеттік-жекеменшік балабақшаға бердім. Бұл жер кең де жайлы көрінді. Сол күні екі балам да терезенің алдында жүрген. Жанына үшінші бала мінген. Сол кезде ұлым Захар құлап кеткен. Екінші баламның айтуынша ауруханаға да алып кеткен ер адам екен. «Аға» деп отырғаны құрылысшылар. Бала құлап, оны сыртта жүрген құрылысшылар көріп, балабақшаға әкелген. Сол кезде ғана тәрбиешілер жедел жәрдем шақырған», - деді Захардың анасы Гауһар Шынбаева.

Айта кетейік, балалардың «Нұр Зерек» балабақшасына барып жүргеніне екі ай болған. Қазір осы дерекке қатысты «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Балалардың анасы екі ұлын балабақшадан шығарып алды.

Соңғы жаңалықтар