Ақтөбеде бала асырап алуға ниетті адамдар саны жыл сайын артып келеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 260-қа жуық адам бала асырап алушылардың тізімінде тұр. Олардың көбі ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасы. Асырап алушылар алдымен денсаулығына, жынысы мен ұлтына қарайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында бір ғана «Үміт» сәбилер үйі бар. Бұрын дүниеге келіп, тастанды атанған сәбилердің мекені өңірде екеу болатын. Тастандылар азайып, асырап алушылар көбейіп, жетімдер үйі де қысқарды. Облыс орталығындағы сәбилер үйінде қазір 59 бала тәрбиеленіп жатыр. Анасы перзентханада баласынан бас тартып, арыз жазған мезетте сәбилер үйінің қызметкерлері шақалақты әкеліп, денсаулығын тексереді. Кейін оған асырап алушылар ізделеді.

«Бала асырап алуға ниетті адамдар мүгедек сәбиді бауырына баспайды. Бірі ер баланы, екіншісі қызды жақсы көреді. Жастарын да көрсетеді. Мәселен, бірі 1 жасқа дейін десе, кейбірі 3 жастағы балаларды да асырап алуға өтініш береді. Ұлты да басты назарда. Көз қарашығына қарайтындары да бар. Бәріне дені сау бала керек. Қазіргі күні бірнеше баланы асырап алу үшін ата-аналар сот шешімін күтіп отыр. Балалы болғысы келетін отбасының көбі сәби сүйе алмай жүргендер. Сонымен қатар, отбасылық үлгідегі балалар үйі ашылып жатыр. Олардан да сұраныс бар»,- деді сәбилер үйінің бас дәрігері Қадырбек Иманбаев. Оның айтуынша, алдағы уақытта сәбилер үйі жабылып, барлық бала отбасылық үлгідегі шаңырақта тәрбие алатын болады.

null 

Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйіне түскен бала тек үш жасқа дейін тәрбиеленеді. Жасы келгендер Алға балалар үйіне жіберіледі.

«Соңғы жылдары сәбилер Алға балалар үйіне жіберілмейді. Көбін асырап алып жатыр. Шетелдіктер де келеді. Өткен жылы Испаниядан келіп, мүгедек баламызды алып кетті. Жақында сол елден тағы бір отбасы қыз баламызды бауырына басады. Сот шешімін күтіп отырмыз. Негізі, сәбилер үйіндегі бала алдымен жергілікті, кейін аймақтық, соңында республикалық базаға суреттерімен ілінеді. Республикалық тізімді әлем елдері көріп отырады. Олар асырап алуға ниет білдірсе, денсаулығы туралы ақпарат жинап, ота жасау үшін дәрігерлерімен кеңеседі. Кейін Астанадағы мамандармен келіп, баланы қарайды, бір ай бойы жанында болып, өзіне үйретеді. Әрине, баланың тегін өзгертеді. Мәселен, испандықтар Арман есімді баланы, Арманс деп өзгертті»,- деді Қ.Иманбаев. Анасы баласын жетімдер үйіне тапсырмас бұрын арызында сәбидің әкесін, тегі мен руын да жазуы мүмкін. Мұндай ақпарат құжатқа тіркелмейді, бірақ асырап алушыларға қосымша айтылады.

Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінде жыл өткен сайын мүгедек тастандылар саны көбейіп келеді. Қазір 59 баланың 23-і мүгедек. Олардың көбі туа бітті сал ауруына шалдыққан. Балалар үш топқа бөлініп, тәрбиеленеді. Күтімін реабилитолог дәрігер, уқалаушылар жасайды. Астана мен Алматыдағы сауықтыру орнына жылына бір рет апарылса, қазір сәбилер үйінде арнайы орталықтарды іске қосу жұмысы атқарылып жатыр. Бұл аяқ-қолы құрысып сіңірі тартылған, туа бітті сал ауруына шалдыққан балалар үшін ең жақсы жоба. Өңірде монтессори кабинеті ашылып, сауықтыруға арналған аппараттар сатып алынды. Мекемеде барлығы 127 адам жұмыс істесе, олардың арасында дәрігерлер мен педагог мамандар да бар.

null 

«Мүгедек балалар бізде жатыр. Бұған дейін біз еліміздің басқа қалаларында ашылған мүгедек балалар үйіне жіберген болатынбыз. Ол жақта бала саны толық, қабылдамайды. Жоспар бойынша Ақтөбеден мүгедек балалар үйі салынады. Жобаның қай уақытта іске асырылатыны белгісіз»,- деді бас дәрігер. Мүгедек сәбиін тастап кеткен ата-аналардың кейбірі телефон арқылы хабарласып, бауыр еті баласының жағдайын сұрап, дәрігерлермен сөйлесіп тұрады.

Қоғам қайырымдылық жасауға бейім. Әсіресе, мереке күндері жетімдерге қолдау білдіретіндер көп. Мұндайда мекеме балаға аса қажет заттарды айтып, ұсыныстарын жеткізіп отырады. Ал биыл сәбилер үшін Наурыз мерекесі ерекше өтті. Аулаға ағаш үй тігілді, безендірілді. Ұлттық салт-дәстүр мен сана-сезімді кішкентайдың бойына сіңіруді мақсат еткен мекеме қызметкерлері бөлме іші мен бір ауладан әрі аспайтын жетімдер үшін бәрі қызық, бәрі таңсық екенін жақсы біледі.   

«Балалар мына әлемді кітаптан көреді. Жан-жағын қоршаған үй мен көлікті көрген емес. Олар үшін бағдаршамның алма-кезек жануы да таңсық. Көзбен көргеннің әсірі өзгеше ғой. Алдағы күндері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, сәбилер үйінің ішін әсемдеп, түрлі ертегі кейіпкерлерінің суретін салуды жоспарлап отырмыз. Аула өткен жылы қауіпсіздік үшін металл жабындымен қоршалды. Енді сол аулаға сурет салғымыз келеді. Жазда балаларды ойын алаңдарына апарып, қоғаммен араластыру ойда бар. Тіпті, ойын-сауық кешендеріне ұсыныспен шығып, өзге замандастары секілді аттракциондарға мініп, демалса деген ниетіміз бар. Демеушілерге осы ұсыныстарды айтамыз»,- деді бас дәрігер.

Қазіргі кезде «Үміт» сәбилер үйін уақытша паналап отырған сәбилер де бар. Баласын асырай алмай, мемлекеттің көмегіне жүгінгендердің бәрі жалғызбасты ана, арасында студенттер де кезедеседі.

null 

«Көбіне тұрмыс құрмаған, жұмыс істемейтін қыздар балаларын уақытша қалдырып кетеді. Кейде жалғызбасты ананың денсаулығы сыр береді. Сол кезде бала бізде уақытша тәрбиеленеді. Сонымен қатар, ішімдікке салынған отбасы балаларын  бағамыз. Арызда мерзімі анық көрсетіледі. 3 айдан 1 жылға дейін баласын сеніп тапсыратындар бар. Негізінен бізде сәби 3 жасқа дейін тұрақтайды»,- деді сәбилер үйінің бөлімше меңгерушісі Нұргүл Сырманов.

Баласын уақытша тапсырғандар жұмысқа орналасып, әл жинаған соң сәбиін өз жанына алады. Бірақ тұрмыс тауқыметін тартқан кейбір жас аналар баласын тастап кетеді.

 

Соңғы жаңалықтар