Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы қорытындыланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында Бала жылы аясында жарияланған «Бақытты бала» ауқымды жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері, Ақтөбе мен облыстың барлық аудандарынан келген балалар қатысты.

«Биыл - қазақстандықтар үшін ұлттық-рухани және жалпы адамзаттық құндылықтардың өркендеу және жаңа күшпен даму жылы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, облыста ағымдағы жыл - Бала жылы деп жарияланған болатын. Оның аясында өткізілетін шаралар «Бақытты бала» жобасына біріктірілді. Жыл басынан бері жоба аясында көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Барлық кәсіпкерлерге, компаниялар мен ұйымдарға, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне жобаға қатысқандары үшін облыс басшылығы атынан алғыс айтамын. Елбасы 2019 жылды жастар жылы деп жариялауына байланысты жоба келесі жылы өз жалғасын табады», -деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

«Бақытты бала» жобасы ЮНИСЕФ, БҰҰДБ халықаралық қоғамдық ұйымдары, қайырымдылық қорлар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған болатын.

«Жобаның тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де баламасы жоқ. Облыста балаларды, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау және қорғауда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл тәжірибені өзге өңірлерге де тарату керек», - деп атап өтті ҚР БҒМ вице-министрі  Эльмира Суханбердиева.

Тек биылдың өзінде Ақтөбе облысында еліміздегі тұңғыш жыл бойы сауықтыратын инклюзивті «Күншуақ» лагері құрылып, бюджет қаражатынан тыс қаржыға аутизмі бар балаларға арналған орталық, коррекциялық балабақша,  мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы ашылды.

177 спорттық-ойын алаңы, жазғы Аквапарк, Мұз сарайы, Теннис орталығы пайдалануға берілді, жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жүріп жатыр. 25 IT-класс ашылды, мектептер 24 3D-принтерлермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 ультрақысқа фокусты проектормен жабдықталған.

Облыстағы 120 мың бала жазғы демалыспен қамтылды, соның ішінде 15 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне аттанса, 700-ден аса дарынды бала еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі үздік жазғы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болып қайтты. Сондай-ақ, тұңғыш рет облыста «Әсем» жыл бойғы оқу-танымдық лагері ашылды.

Жоба аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдауға да басымдық берілді. Нәтижесінде кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың ТҚЖБ-дегі есепшоттарын жыл басынан бері 80 млн теңгеге толықтырған, 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілті табыс етілді.

 

Соңғы жаңалықтар