Ақтөбеде бағалы тондар мен алтын бұйымдарды ұрлаған полиция қызметкері сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бағалы тондар мен алтын бұйымдарды ұрлаған полиция қызметкері сотталды. Кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектор Алтынбек Қалауов 4 жыл 6 айға бос бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Сазды полиция бөлімінде жұмыс істеген Алтынбек Қалауов Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша айыпты деп танылды. №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Е.Бақытжан ұрлық жасаған полиция қызметкерін 6 жылға бас бостандығынан айырып, кейін «Рақымшылық туралы» Заңға сүйініп, жаза мерзімінің төрттен бір бөлігін қысқартты. Сотталушы А.Қалауов 4 жыл 6 ай жалпы режимдегі түзету мекемесінде жазасын өтейді. Сонымен қатар, тінту кезінде табылған бар мүлік тәркіленеді.

Судья Е.Бақытжан сотталушы А.Қалауовты өмір бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеу құқығынан, полиция лейтенанты шенінен айырды. Сот үкіміне сәйкес сотталушы мемлекет пайдасына 52 мың теңгеге жуық сот шығынын өтеуі тиіс.

«Облыстық ІІД заттай айғақ ретінде сақталған 49 мың теңге, 3 жанар-жағармай талоны мен 2012 жылы шығарылған «Lada 21144» маркалы машинасы, кілті мемлекет пайдасына алынады. Тінту кезінде табылған алтын бұйымдар жәбірленуші Дана Есімбековаға берілсін», - деді судья Е.Бақытжан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде полиция қызметкеріне бағалы тондар мен алтын бұйымдарды ұрлады деген айып тағылғаны туралы хабарлаған болатынбыз .

Соңғы жаңалықтар