Ақтөбеде әжесі мен неремесін көлік қағып кетті

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында жаяу жүргіншілер өткелінде қария мен оның немересін көлік қағып кетті. Зейнеткер оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін Ақтөбе қаласындағы Қонаев пен Құлымбетов көшелерінің қиылысында болды. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Nissan Almera» маркалы автокөліктің 35 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде 63 жастағы әйел мен кәмелетке толмаған немересін қағып кетті.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал кәмелетке толмаған бала Ақтөбе қаласының балалар ауруханасына жеткізілді. Онда балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ал жүргізуші Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында биыл жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Шалқар-Ырғыз тасжолында жол апатынан 3 адам мерт болып, үш жасөспірім зардап шеккен еді. Одан бірер күн бұрын Қандыағаш қаласынан Кеңкияқ ауылына бет алған «Lada Largus» көлігі аударылып, рульде болған 40 жастағы әйел мен 3 жолаушы, оның ішінде бір бала оқиға орнында, тағы бір жолаушы Кеңкияқ ауруханасында көз жұмды.


Фото: polisia.kz



Соңғы жаңалықтар