Ақтөбеде айыпталушы ұйқысы қанбағаны үшін сотты кейінге шегеруді сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Сотта «Төрт ағайынды» ісі бойынша «Тазадалаком» ЖШС рейдерлік жолмен тартып алу ісі қаралды. Айыпталушы Жандос Ақмағамбетов жауап алуды кейінге шегеруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев, Қалдымұрат Қартжан, Мұрат Тұржанов, Нұрлан Ноғаев, Жандос Ақмағамбетовке қатысты рейдерлік жолмен тартып алу эпизоды қаралды. Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу», «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айыпталушылар мен жәбірленушілерден жауап алу басталды.

«Мен таңғы сағат 5-те жатып, 7-де ұйқыдан тұрдым. Екі сағатта ұйқым қанбады. Үйде ауыратын анам бар, басқа да шаруаларым шығып қалды. Бүгін «Тазадалаком» ЖШС-не қатысты эпизод қаралады деп ойлаған жоқпын. Бірақ мен дайынмын. Тілшілерді шақырып, көрсетулерін сұраймын. Себебі, тірнектеп жинаған абыройым төгілді. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады деп айыпталған топтың тізіміне еніп кеткенмен. Өзім - емшімін. Мені суреттен көріп, танып қалған адамдар емге келуді тоқтатты, туған-туыстарым әңгімеге қосты. Бір жыл бойы мазалады. Мен абыройымды қорғап қаламын»,- деді айыпталушы Жандос Ақмағамбетов.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде жәбірленуші Б. «Тазадалаком» ЖШС 2008 жылы құрғанын жеткізді. Бұл компания мұнай қалдықтарын сақтайтын полигон ашып, қалдықты өңдеп, залалсыздандырған. Алғашында компанияны үш адам ашты. Бірі идея айтып, екіншісі құжаттарды жинап, үшіншісі қаржы салды. Кейін тағы екі адам қатарға қосылды. Ал 2012 жылы салық басқармасымен қиындықтар болып, компания табысы беске бөлінді. Сол кезде компания иесі өзінің 80-нен асқан әкесіне үлесін аударған. Бүгін сот отырысы кезінде әкесі мен баласы жәбірленуші тарап ретінде жауап берді.

«Мен сотталушылар арасынан Нұрлан Ноғаевты ғана танимын. 2008 жылы «Тазадалаком» компаниясын аштым. 2012 жылы салықтық қиындықтар болып, төрт серіктес өздеріне тиесілі үлесті алып, бөлінді. Менде 60 миллион теңгенің құрал-жабдығы мен компания қалды. Ол кезде мен Нұрлан Ноғаевтың қайын атасымен таныс болдым. Қайын атасымен сөйлесіп, салықтық мәселелер бойынша кеңес бере алатын адам бар ма деп сұрадым. Сол кезде қайын атасы көмектесетінін, күйеу баласына 30 пайыздық үлеспен компанияға кіруді ұсынды. Жұмыс жүрді, сол кезде Ноғаевтың пәтерінің несиесі шешілді. Компанияда директордың орынбасары болды. Кейін Қытайдан құрал-жабдық алуға деп бөлінген 10 миллион теңгені Ноғаев өз қажеттілігіне жұмсады»,- деді жәбірленуші Б.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші Б. өндіріс мәселелері жөніндегі орынбасарына жұмысты сеніп тапсырып, іссапарға кеткенін жеткізді. Сол кезде ол өз компаниясынан айырылып қалған.

«Әкем үлескер болғанымен, менің жұмысыма араласқан жоқ. Құжатқа қол қою қажет болғанда кедергі болмауын қаладым. 10 күннен соң орынбасарым хабарласып, директорды өзгерту туралы хаттамаға қол қойғанын айтты. Оны қорқытқан. Бірақ іс аяқталмады. Заңгерлерге барғанда қайта жиналыс өткізуді ұсынды. Азаматтық арыз түсіріп, бірнеше рет сотта жеңілдік. Менің 70 пайыздық үлесім қайда кеткенін білмеймін. Қазір 50-60 миллион теңге салықтық төлем менің атымда тұр. Өзім намаз оқимын. Жұмысшылардың көбі дін жолын ұстанушылар болды. Олар жұмысқа орналаса алмаған соң маған келді. Жұмысшыларымыз 70-80-ге жетті»,- деді жәбірленуші Б.

Айта кетейік, жәбірленуші Б. сотталушы Н.Ноғаевтың сұрақтарына жауап бере алмады. Арада 4 жыл өткенде көп жайт есінде қалмаған. Сонымен қатар, ол басты айыпталушы Еркін Ізбасарды танымайтынын, жұмыс кезінде оның аты-жөні мүлде аталмағанын жеткізді.

Сот отырысы ертең жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар