Ақтөбеде автобустың аударылуы: Дәрігерлер балалардың жағдайын айтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы автобустың аударылуынан зардап шеккен балалар мен ересек адамдардың денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Науқастардың жағдайы тұрақты. Қазір 9 бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Екі жастағы бала әзірге жансақтау бөлімінде, бүгін жалпы палатаға ауыстырамыз. Ол бас-ми жарақатын алған, жағдайы тұрақты. Балалар көбіне бас-ми, кесілген жарақат алған. Сонымен қатар үш адам жедел жәрдем ауруханасында, тағы үшеуі темір жол аураханасында ем қабылдауда. Олардың бұғанасы, омыртқасы, аяғы сынған. Көкбауыры жыртылып кеткен науқасқа ота жасалды», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Еске салсақ, 5 қазан күні Ақтөбе қаласының маңында балалар мінген автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, артынан аударылған болатын. Автобустың ішінде №9 мектеп-гимназияның оқушылары, барлығы 18 бала мен 9 ересек адам болған. Олар мектеп әкімшілігіне ескертпестен табиғат аясына шыққан.

Жол апаты салдарынан 19 адам ауруханаға жеткізілді. Ата-аналардың бірімен болған екі жасар сәби жансақтау бөліміне түсті.

Соңғы жаңалықтар