Ақтөбеде ауылға газ беріліп, амбулатория іске қосылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысындағы Алға ауданының Еркін күш ауылына көгілдір отын беріліп, Есет батыр ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алға ауданының Еркін күш ауылын газбен қамту жұмысына 31 млн теңге бөлінді. Енді 45 үйі бар ауыл тұрғындары көгілдір отын пайдаланады. Бұған дейін жыл сайын көмір сатып алуға 200 мың теңге жұмсайтын Альбина Оңғар үй жұмысының азайғанына риза.

«Отынды қаладан әкелу үшін көлік жалдайтынбыз. Таңертең ұйқыдан тұрған бойда алдымен от жағамыз. Енді осының барлығы артта қалғанына қуанып тұрмыз»,- дейді ол.

Бүгінде облыс халқының 92,5% газбен қамтылған. Газдандыру көрсеткіші бойынша өңір республикада бесінші орында. Тек осы жылдың өзінде 7,9 мыңнан астам халқы бар 14 елді мекен газдандырылды. Жыл соңына дейін 2 мыңдай адам тұрып жатқан тағы екі ауылды газбен қамту жоспарда бар. Nur Otan партиясының Жол картасына сай 2025 жылға дейін облыстың 104 елді мекенін газбен қамту жоспарланып отыр.

Сол күні Алға ауданының Есет батыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. «Ауыл ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық мекемені салуға және жарақтандыруға 103 млн теңге бөлінген.​ Амбулатория күніне қырық адамды қабылдауға қауқарлы.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар халық тұрмысының деңгейі мен сапасын көтеру бойынша түрлі шараларды қабылдауда. Соның ішінде, халыққа тұратын жерлері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдар желісі кеңіп жатыр. Бұл жұмыс барлық аудандарда жүргізіліп жатыр. Биыл осындай жеті амбулатория пайдалануға берілді. Олардың бәрі де қажетті заманауи жабдықтармен қамтылған»,- деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар