Ақтөбеде ауылдасын өлтірген мектеп оқушысына қатысты сот отырысы басталды
2019 жылғы 2 қыркүйек 14:13

Ақтөбеде ауылдасын өлтірген мектеп оқушысына қатысты сот отырысы басталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мектеп оқушысына пышақ сұғып, өлтірген айыпталушы Асылбек Сабырға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған екі оқушы арасындағы келіспеушілік қайғылы жағдаймен аяқталған болатын. Арада 9 ай өткенде қылмыстық іс сотқа түсті. Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы тыңдалым өтті. Айыпталушы Асылбек Сабыр арнайы күзетпен жеткізілді. Оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды.

«Шалқар көлінің мұз айдынында оқушылар өзара кездесетін болып алдын ала келіскен. Балалар топ болып тұрғанда Асылбек Сабыр келіп, «не болды, не жиын» деп сұраған. Сол кезде Мирасбек Дәулетияр жеке сөйлесуге 5-6 метр жерге ұзап кетеді. Жәбірленуші М.Дәулетияр айыпталушы А.Сабырдан «біздің мектептің балаларына неге әңгіме айтасың» деп сұраған. А.Сабыр ештеңе айтпағанын, тыныш жүріңдер деп қайтарып жібергенін жеткізген. Сағат 19:00 шамасында М.Дәулетияр алдында тұрған А.Сабырды бір рет ұрған. Сол кезде өзге бір бала А.Сабырдың аяғынан шалып, құлатқан. Тергеу кезінде анықталмаған балалар айыпталушыны теуіп, денесін жаралаған. «Жабылмаңдар» деп айқайлаған, оны өзгелер естіген. Тергеу кезінде А.Сабырдан суық қару болып табылмайтын, туристік мақсатта пайдалануға арналған жиналмалы пышақты оң қолына ұстап, қарсы келген М.Дәулетиярдың жүрегіне сұғып алғаны белгілі болды. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды», - деді прокурор Айнұр Досмурзаева.

Айта кетейік, жәбірленуші Асылбек Сабыр биыл 11 сынып оқуы тиіс болатын. Бірақ ол 2019 жылдың қаңтарынан бері қамауда отыр. Сот отырысы кезінде айыпталушысы алқабилерден бас тартты. Сонымен қатар, айыпталушысының қорғаушысы Асылбек Сабырдың басына қару тақалғанын айтып, сол қаруды қылмыстық іске тіркеуді сұрады.

Еске салсақ, Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» 99-бабының 2-бөлімі 14-тармағы бойынша 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Jańalyqtar

MURAǴAT